ҚУАТТЫ ӨҢІРЛІК ҒЫЛЫМ – ҚУАТТЫ ӨҢІР

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің базасында «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» бастамасын іске асыру аясында өңірлік ғылымды дамыту мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы Президиумының көшпелі отырысы өтті.

Отырысқа Жамбыл облысының әкімі Е. Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы, Ғылым және жоғары білім, Су ресурстары және ирригация, Экология және табиғи ресурстар Вице-министрлері, ҚР Парламенттің қос палатасының депутаттары, ҰАҒББО АҚ, «Атамекен» ҰКП, «Ғылым қоры» АҚ, ЖОО және ҒЗИ бірінші басшылары, өңірлік бизнес субъектілерінің басшылары, стейкхолдерлер, жетекші ғалымдар, тәуелсіз сарапшылар, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Университеттің бас ғимаратында өткен жиында ғылыми-инновациялық көрме ұйымдастырылды. Көрмеде «Ғылым қоры» АҚ, ҚР ЖОО мен ғылыми-зерттеу институттары ғалымдарының ғылыми жаңалықтары қойылып, көпшілік назарына ұсынылды.

Жиын модераторы «ҚР Ұлттық ғылым академиясы» КЕАҚ Басқарма Президенті Ақылбек Күрішбаев ұйымдастырылып отырған жиынның маңыздылығына тоқталды. Өз сөзінде ғалымдардың басым көпшілігі Алматы, Астана сияқты ірі қалаларда орналасқанын, сәйкесінше қаржыландыру көлемі де ірі қалаларда басым екенін айтып, өңірлік ғылым мен ғалымдардың жұмысын қолдау маңызды екенін сөзіне арқау етті.

– Өкінішке орай, Қазақстанда өңірлік ғылымды дамыту мәселелері іс жүзінде назардан тыс қалды және мұнда елеулі диспропорция байқалады. Аймақтық ғылым жүйесінде зерттеуші ғалымдардың тек 35%-ы жұмыс істейді. Нәтижесінде барлық ішкі шығындардың 66%-ы, бағдарламалық-нысаналы және базалық қаржыландырудың 79%-ы, ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландырудың 75%-ы Алматы және Астана қалаларына тиесілі. Жергілікті бюджеттерден ғылымды қаржыландыру көлемі өте төмен, оның үлесі 2023 жылы Ғылыми зерттеулерге жұмсалған жалпы шығындардың 0,4%-ғана құрады. Еліміздің 10 өңірде бұл мақсаттарға жергілікті бюджеттен қаражат мүлдем бөлінбеді. Екінші жағынан, жергілікті жерлерде білімді тарату жүйесі іс жүзінде жоқ. Ғылым нақты сектордың проблемаларын білмейді, ал бизнес ғалымдардың мүмкіндіктерін білмейді. Өңірлік ғылымды дамыту проблемаларын шешуде және оның өндіріспен байланысын нығайтуда жергілікті атқарушы органдардың да рөлі өте төмен, - деді Ақылбек Қажығұлұлы.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев көшпелі отырыс барысында өзекті мәселелер қозғалып жатқанын тілге тиек ете отырып, облыста қолға алынған жұмыстар жөнінде айтып өтті. Жамбыл өңірі ауылшаруашылық саласына қолайлы екенін, тамшылатып, жаңбырлатып суару технологиялары қолданылып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, игерусіз жатқан жерді үкіметке қайтару бойынша да жұмыстар атқарылғанын айтты. Облыс әкімі өз сөзінің соңында өңірлік ғылымды дамыту бастамасын қолдауға дайын екенін жеткізді.

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Мұхтар Байжұманов «Ғылымды дамытудың қазіргі жағдайы және өзекті аспектілері» тақырыбында баяндама жасады. «Ғылым дамыса – ел экономикасы да қуатты болады» деген Мұхтар Қазбекұлы соңғы 3 жылда ғылымды қаржыландыру көлемі артқанын айтты: – Ғылымды қаржыландыру алдыңғы үшжылдыққа қарақанда 3,3 есе өсіп, 2026-2027 жылдарға 730 млрд тг құрады, ол ішкі өнімнің 0,13%. Өңірлердің проблемалары жеткілікті: құрғақшылық, орман өрттері, жер сілкіністері, шегірткелердің шабуылы және ақырында еліміздің бір қатар өңірлеріндегі апатты су тасқыны жатады. Адам әрекетінен туындаған мұндай құбылыстар халыққа да, жалпы мемлекетке де үлкен қиындықтар мен залалдың себебі болып табылады. Аймақтардың өзекті мәселелері жоғарыда аталған құбылыстармен шектелмейді, бұл ғылыми зерттеулердің тақырыбы болуы керек. Зерттеулер негізінде ғана оларды толық, әлде ішінара жою немесе олардан болатын зиянды азайту шараларын жасауға болады және бұл аса қажет. Жағдайды ескере отырып, жақын орналасқан 3-4 облыстың аумағында ҰҒА аймақтық бөлімшелерін құру орынды. Ең бастысы - ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуді лайықты қаржыландыру және ғалымдардың еңбекақысын шешу,- деген Мұхтар Қазбекұлы өзекті проблемаларды айта отырып, шешу жолдарын көрсетіп, ұсыныстарын білдірді.

Ұлттық ғылым академиясының бастамасымен өткен жиында ҚР ЖОО мен ғылыми-зерттеу институттардың ғалымдары өзекті тақырыптарда баяндама жасап, өз ұсыныстарын білдірді.

онырлык галым11111

онырлык галым2222

онырлык игалым33333

онырлык галым44444

онырлык галым55555

 

 

Прочитано 632 раз
Top