×

Ескерту

JUser: :_load: Келесі ID-ге ие қолданушыны жүктеу мүмкін болмады: 958

ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ, ТАНЫМДЫҚ БАҒДАРЛАМА

«Абай - дана, Абай – дара қазақта» атты Кітапханалық-ақпараттық орталықтың ұйымдастыруымен өткен әдеби-танымдық бағдарлама Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына арналды. Әдеби-танымдық шара әдеттегі жиындардан ерекшеленіп тұрды. Университетіміздің «Тұмар» ұлттық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен «Көзімнің қарасы» әні, «Балбырауын» күйі орындалды. Алғы сөзбен іс-шараны ашқан университет ректоры Махметғали Нұрғалиұлы әдеби-танымдық бағдарлама Абай атын танытып, насихаттауда өтіп жатқан айтулы шаралардың жалғасы екенін жеткізді.
– Абайды көпшілігіміз ақындық қырынан танимыз. Ал оның философ, ойшыл, сазгерлік, қайраткерлік қырларын әлі де зерделей түсуіміз керек. Жуырда Н.Л.Гумелев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Сыдықовтың «Құнанбай» кітабы жарыққа шықты. Кітап Мәскеу қаласында орыс тілінде үш мың данамен жарық көрген. Тарихи шығармада Абайдың әкесі Құнанбайдың өмірі мен елге сіңірген еңбегі қозғалады,- деп М. Сарыбеков туындымен таныстырып, мазмұнына да тоқталды.
Келесі кезекте Кітапханалық-ақпараттық орталықтың директоры Гүлжан Жеңісбекқызы келушілерді «Абай және түркі әлемі» кітап көрмесімен таныстырды. Мұндағы еңбектер үш бағытқа топтастырылған: Абайдың аудармалары, шығармалары және Абайтану ғылымындағы ғалымдардың зерттеулері. Көрменің ерекшелігі кітаптарды QR код арқылы мобильді нұсқамен оқуға болады.
Әдеби кеш Абай өлеңдерін оқу марафонымен жалғасты. Мектеп оқушылары мен студенттер ақынның өлеңдерін түрік, өзбек, орыс, ағылшын, француз, қырғыз тіпті қытай тілінде де орындады.
Әдеби-танымдық бағдарламаның арнайы қонақтары – Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Темірбай Мұқашев пен ҚР білім беру ісінің үздігі Бақытжан Мақашев Абайтану ғылымындағы ойларымен бөлісті. «Абайтану ғылымы – әдебиеттегі үлкен белес» деген Темірбай Әліұлы Абайды тану бағытына ғұмырын арнаған ғалымдардың еңбегіне тоқталды. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы кейіпкерлердің өмірдегі прототиптері туралы тарқатып әңгімеледі.
«Абай – ақылдың ақыны, әлемдік әдебиет өкілі. Абай – ұлттық феноменіміз» деген Бақытжан Маханұлы ұлтымыздың ұлы перзенті, ойшыл, ақынның еңбегі әлі де зерттеуді қажет ететінін, жастар осы бағытқа бет бұрса деген ниет-тілегін білдірді.
– Абай ең алдымен отбасылық мектептен тәлім-тәрбие алды. Атасы Өскенбай, әкесі Құнанбай, ағайындары ел билеген тұлғалар болды. XIX ғасырда көшпелі өмір кешкен заманда Абай сияқты ғұламаның дүниеге келгені ерекше құбылыс. Абайдың жан-жақты білімді болуының қайнары халық ауыз әдебиеті, шығыс және Еуропа әдебиетінен бастау алды. Біз оның 170-тен аса өлеңін, 17 әнін, 45 қара сөзін білеміз. Бәлкім тағы бар шығар. Соны зерделей түсуіміз керек. Ұлы ақын екі ғасыр халыққа қызмет етіп келеді, әлі де қызмет ете береді,- деді Бақытжан Мақашев.
Іс-шара соңында Гүлжан Жеңісбекқызы келген қонақтарға, студентерге алғыс білдіріп, Оразалы Сәбденнің екі тілде жазылған Абай туралы еңбегін тарту етті.

Медиа-қызмет

Прочитано 2558 раз
Top