Нашақорлықтың зардабы түсіндірілді

Әлеуметтік жұмыс басқармасының бастауымен «Нашақорлыққа жол жоқ!» тақырыбы аясында кездесу өтті.

Кездесуге Жамбыл облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі полиция майорлары Андрей Сухарев, Айгерім Каукешова және Жамбыл облысы ПД Кинология қызмет орталығының қызметкерлері,оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.

Кездесу мақсаты – жастарды салауатты өмір салтын ұстануға бағыттау, құқық бұзушылықтар мен қылмыстың алдын алу, нашақорлыққа қарсы күрес шараларын күшейтіп, қоғамға осы дерттің зардабын түсіндіру.

Мамандар түрлі инфекция жұқтырудың салдары мен есірткі қылмысына қатысты іс-қимыл әрекеттері, «синтетикалық» есірткіден төнетін қауіп, жаңа психоактивті заттардың таралуы жөнінде толыққанды түсіндіріп берді. Сонымен қатар, айтылған мәселелерді өздерінің жанындағы құрбылары мен достарына жеткізіп, оларды да есірткіден аулақ болуға үндеді.

Алаяқтар қазіргі таңда интернет арқылы жастарды есірткі таратуға итермелейтіні жайында және ол істері үшін заңды түрде ештеңе болмайтыны туралы жалған ақпарат беріп жатады. Интернет-дүкендер арқылы есірткі сатудың неге әкеліп соқтыратыны жайында мысалдар келтірілді. Кездесу барысында полиция майоры Айгерім Каукешова жастардың ондай жағымсыз жағдайлардан аулақ болу керегін айтып, өз болашақтарына балта шаппауға шақырды.

“Нашақорлық – бүгінгі күннің ең қауіпті тәуелділік дерттерінің бірі. Ол адам өміріне ғана емес қоғамға қауіпті.Жауапты сала қызметкерлерімен бірлесе отыра, түрлі кездесулер, акциялар жиі ұйымдастырылады. Есірткінің заңсыз айналымы саласында қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады, ал оны тарту фактісі болашақта жұмысқа орналасу кезінде кедергі болуы мүмкін”,-деді полиция майоры Андрей Сухарев.

Шара соңында Жамбыл облысы ПД Кинология қызмет орталығының қызметкерлері мен қызметтік иттерінің есірткіні іздеу барысы жайлы арнайы көрініс көрсетілді.Осы бағытта қызметкерлер толыққанды мағлұматтармен бөлісіп, студенттер мен оқытушылар құрамы тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Сонымен қатар, білім алушыларға құқықтық кеңестер беріліп, өмірді жақсарту жолдарын таңдау әркімнің өз қолында екендігін жеткізді.

нашакорлык111

нашакорлык222

нашакорлык333

 

 

Прочитано 602 раз
Top