ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІ: БОЛАШАҚҚА ЖАҢА ҚАДАМ ФОРУМЫ

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Дулати университеті: Болашаққа жаңа қадам» тақырыбында форум өтті.

Форумның басты мақсаты – Университеттің ғылыми, кадрлық, оқу және материалдық-техникалық әлеуетін жетілдіруде, өңірдің еңбек нарығына қажетті мамандар даярлауда атқарылып жатқан жұмыстар жайлы ақпарат беру, Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту, химия саласына мамандар тарту мәселелерін талқылау.
Маңызды мәселелерді қозғауды көздеген жиынға ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханқызы, Жамбыл облысы білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов, сондай-ақ ардагерлер кеңесі, Тараз қаласы және аудан мектептерінің директорлары, университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен БАҚ өкілдері қатысты.
Форум аясында университет ғалымдарының ғылыми еңбектері мен ашқан жаңалықтары, өнерлі жастардың туындылары көрмеде ұсынылды. Қонақтар ғалымдардың еңбектерін, шығармашылық жұмыстарын тамашалап, жастардың өнеріне де куә болды.
Форум модераторы Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Байжұманов университет ұйымдастырған іс-шараның маңыздылығын атап өтті. Бүгінгі таңда еліміздегі өзекті мәселе – су шаруашылығы саласы мен мамандар тапшылығы мәселесі туралы ой қозғады.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. – Бүгінгі таңда 3 бағыт бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Суды үнемдеп пайдалану, ағынды суларды қайта өңдеу бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда. Инфрақұрылымды жаңарту бойынша, яғни құрылғыларды автоматтандыру, цифрландыру бағытында жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар, Қазақстан көршілес мемлекеттермен су мәселесін реттеу бойынша келіссөздер жүргізіп, жағдайды оң шешуге тырысып жатырмыз,- деді. Нұржан Молдиярұлы өз сөзінде жаңа су кодексі мен 2030 жылға дейінгі қабылданған тұжырымдама туралы да ақпарат беріп өтті. Министр су саласына қажетті мамандар даярлау бойынша мәселелерді шешу мақсатында консорциум құрылғанын, кеңес құрамына 10 ЖОО мен ғылыми-зерттеу институттары кіргенін айтты. Кеңес мүшелері 2025 жылға дейін су саласы мамандарына грант бөлу мәселесін, Болашақ бағдарламасы бойынша мамандарды оқыту жайын, сондай-ақ, су шаруашылығы саласының мамандарын қайта даярлау мәселесін қарастырғанынан хабар берді.
«Судың да сұрауы бар» деп өз сөзін бастаған облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек суды үнемдеп пайдалану технологияларының артықшылықтарын саралап айтты. Тамшылатып, жаңбырлатып суару технологияларының ұтымды тұстарына тоқталып, алдағы уақытта 43 млн текше метрді құрайтын су қоймаларын салу жоспарда бар екенін жеткізді.
Ақерке Абылайханқызы ЖОО басты миссиясы – саналы ұрпақ тәрбиелеу екенін айта келе, толық адам идеологиясын насихаттаудың маңыздылығына тоқталды. Бүгінгі таңда білім мен ғылым саласына көп көңіл бөлініп жатқанын тілге тиек етіп, су саласы мамандығына 609 грант бөлініп, оның 226 ғана игерілгенін жеткізді. Өз сөзінде жастарды су саласы мамандықтарына, инженерлік-техникалық салаларына оқуға шақырып, ел мүддесіне қызмет етуге үндеді.
Форум барысында Мұхтар Байжұманов университеттің жетістіктеріне, атқарылған жұмыстарына тоқталды. Дулати университеті, РХТУ мен Казфосфат арасындағы желілік білім беру бағдарламасы жайында сөз қозғап, химия саласында да мамандар даярлау мәселесінің өзектілігін айтты.
«Казфосфат» ЖШС Оқыту және персоналды дамыту жөніндегі менеджер Ақмарал Муканова Дулати университетімен ынтымақтастық аясында атқарылып жатқан жұмыстың жемісті болғанын тілге тиек етті. Алдағы уақытта университет қабырғасында білім алған жастар білікті мамандардың қатарын толықтырарына сенім білдірді.

WhatsApp Image 2024 03 06 at 18.56.45

WhatsApp Image 2024 03 06 at 18.58.08

WhatsApp Image 2024 03 06 at 18.57.54

 

Прочитано 205 раз
Top