Дулати студенті «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпазы атанды

Ауесханова Алиман Қадырханқызы – Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы БББ 4-курс студенті. Байқауға «Анти-нарко Тик-Ток. Медиа арқылы синтетикалық есірткімен күрес» жобасымен қатысып 3 миллион теңге қаржылай көлемде грант жеңіп алды. Алиман жоба аясында синтетикалық есірткілердің зиянын түрлі видео контент арқылы көрсетіп, мамандардың зерттеуін жастардың назарына ұсынады. Есірткі қолданғанның салдарын, зардабын айтып, осы тақырыпта түрлі интерактивті тесттер мен вебинарлар ұйымдастырады. Тик-ток әлеуметтік желісінде жастар өзара пікір алмаса алады. Жаза басқандар бір-біріне кеңес айтып, ой бөліседі.

Алиман Қадырханқызы университетіміздің белсенді студенті. 4 жыл бойы еріктілер қатарында еңбек етті. Қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысты.  

«Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауында 14-35 жас аралығындағы жастардың жобасы қаралып, нәтижесінде бес бағыт бойынша 30 жоба іріктеліп алынған. Жалпы 3 мыңнан аса жоба келіп түскен. Байқаудың негізгі мақсаты – белсенді, шығармашыл жастардың қатарын қалыптастыру, бастамаларын қолдау. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен аталмыш байқау жылда ұйымдастырылып келеді.

Жүзден жүйрік атанған студентіміз – Алиман Қадырханқызын жеңісімен құттықтаймыз!

Прочитано 248 раз
Top