ДУЛАТИ ЖҰЛДЫЗДАРЫ САХНАДА ЖАРҚЫРАДЫ

Қыстың алғашқы күнін Дулати ұжымы көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды. Университеттің өнерлі оқытушылары «Жұлдызды Дулати 2023» байқауына қатысып, ән шырқады. Өнерсүйер қауым университет бас ғимаратының акт залында бас қосты.

Кешті Айгүл Мақашева мен Берекет Қосбергенов жүргізді. Сахна төрінде алты факультеттен алты жұп өнер көрсетті.

Байқау шарты бойынша қатысушылар екі әннен орындады. Бірінші айналымда патриоттық ән шырқаса, екінші айналымда еркін тақырыпта ән айтып, өнер көрсетті. Мерекелік кеште талантты ұстаздар патриоттық, лирикалық әндерді тамылжыта орындап, сахналық қойылым қойды.

Мәдениет саласының қызметкерлері әділ-қазылар алқасының мүшесі болды. Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының эстрадалық әншілердің көркемдік жетекшісі, мәдениет саласының үздігі Ғани Мәтебаев, облыстық филармонияның «Ақкербез» би ансамблінің бас балетмейстері, мәдениет саласының үздігі Айжан Қонарбаева және Дулати университеті, Кәсіподақ комитетінің төрағасы Берік Құсайынов қатысушыларға әділ бағасын берді.

Жұлдызды жұптар өнер көрсеткен жарыстың қортындысы бойынша III орынды Технологиялық факультеттен Нұрболат Ташшабаев пен Әсем Шыныбекова мен Педагогика және әлеуметтік ғылымдар факультетінен Пернеайым Сағымбекова мен Сандуғаш Усенова иеленді. II орынды Филологиялық-гуманитарлық ғылымдар факультетінің жұлдызды жұбы Марат Ибрагимов және Роза Мардазимова мен Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық факультеті атынан өнер көрсеткен Мұхтар Әбу мен Нұрдәулет Ағаниязов жеңіп алды. I орын Экономика және құқық факультеті атынан қатысқан Асқар Махамбетов мен Жанар Есілбаеваға тиесілі болды. Ал Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру институтының атынан өнер көрсеткен Жандос Ескермесов пен Арман Асылбеков «Жұлдызды Дулати 2023» байқауының жеңімпазы атанып, бас жүлдені иеленді.

Кеш соңында университет ректоры Мұхтар Қазыбекұлы өнер көрсеткен барлық қатысушыға алғысын білдірді. Мәдениет саласының қайраткері Ғани Мәтебаев ұстаздардың дайындығына, талантына тәнті болғанын айтып, бұл өнердің артында үлкен дайындық жатқанын тілге тиек етіп, өнерпаздардың еңбегіне жоғары бағасын берді.

Дулати жұлдыздары бағалы сыйлықтармен, алғысхаттармен марапатталды. Бас жүлдеге Сарыағаш шипажайына жолдама табысталды.

2

3

4

5

6

Прочитано 221 раз
Top