ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ҰЛЫҚТАУШЫЛАР ЖИЫЛДЫ

Текстиль, материалтану және стандартизация кафедрасының профессор-оқытушылары, «Текстиль» студенттік ғылыми үйірмесінің ұйымдастыруымен «Ежелгі қолөнер бұйымдарын қайта жаңғырту» тақырыбында «Өшпес мұра» Жамбыл облысы қолөнершілер қауымдастығы шеберлерінің қатысуымен қала және облыс мектеп оқушылары мен колледж білім алушылары, «Технологиялық» факультетінің студенттері арасында дөңгелек үстел өтті.

Өнерлі жастар бас қосқан жиында ұлттық өнеріміздің озық үлгілері көпшілік назарына ұсынылды. Байзақ ауданының Сарыкемер, Түймекент ауылдарының, Сарысу ауданы Жаңатас қаласының, Тараз қаласы мектептерінің оқушылары, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенттері өнер туындыларын көрсетіп, суреттеп айтып берді.

Академиялық мәселелер жөніндегі проректор м.а., Академиялық жұмыс жөніндегі департамент директоры Сәуле Құрмантайқызы жастардың қолөнер жұмыстарына тәнті болып, жоғары бағасын берді. Қолынан іс келетін жастарды қолдау керегін айтып, ұлттық өнерді насихаттаудың маңыздылығына тоқталды. Өз сөзінде келер жылы оңтүстік аймақта тоқыма кластерін дамыту бойынша жұмыстар атқарылатынын, университетіміз оңтүстік өңірдегі маман даярлайтын бірегей оқу орны ретінде өз үлесін қосатынын жеткізді. Тоқыма кластері ел экономикасын өсіруде айрықша орынға ие екенін атап өтті.

«Өшпес мұра» Жамбыл облысы қолөнершілер қауымдастығы басшысы Гүлнәр Абдуллаева қолөнершілердің жұмыстары көзтартарлық әрі тақырыпты ашып тұрғанын айтты. Жастарға шығармашылық шабыт тіледі.

Іс-шара барысында «Өшпес мұра» облыс қолөнершілер қауымдастығы мен Дулати университеті арасында ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойылды.

Ұлттық өнерді насихаттап жүрген жастар мен мамандардың басы қосылған жиында оқушылар мен студенттерді өнерге баулып, тәрбиелеген ұстаздары, колледж, мектеп директорлары марапатталды.

Ұстаздар оқушылар мен студенттердің қолөнер туындыларын жоғары бағалап, I, II, III орын иегерлеріне алғысхаттар табыстады. Өнерлі жастардың басын қосып, дөңгелек үстел жиынын ұйымдастырған доцент Жансәуле Рахманова қатысушыларға алғысын білдірді.

Оқушылар болашақта Дулати университетіне оқуға түсуге ынталы екенін айтып, мектеп ұстаздары болса магистратурада білімдерін жалғастырғысы келетінін жеткізді.

Дөңгелек үстел соңында өнерлі жастар күмбірлетіп күй тартып, тамылжытып ән айтып, көпшілік көңіліне қуаныш сыйлады.

2

2

2

2

2

Прочитано 612 раз
Top