Президент Жолдауы - білім саласындағы өркендеудің алғышарты

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1-қыркүйек білім күніне орай Қазақстан Халқына «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты кезекті жолдауын жариялады.

Құнды құжатта «Оқу орындары түлектерге жұмыс бере алатын мекемелермен ұзақ мерзімге арналған әріптестік орнатуы қажет. Экономиканың басымдықтарына, аймақтың және саланың ерекшеліктеріне байланысты тиімді қаржыландыру тәсілдері керек. Еліміздегі демографиялық өсім білімге деген сұранысты арттырады»,- деп еліміздегі өзекті мәселелердің бірі көрсетілді. Бұл Жоғары оқу орнын аяқтап бос жүрген жастардың жұмысқа орналасуына үлкен мүмкіндік. «Жұмысы жоқтық, қарыны тоқтық аздырар адам баласын»,- деп Абай атамыз айтып кеткеніндей, жұмыс таба алмаған жастардың құқық бұзушылыққа және басқа да жағымсыз іс-әрекеттерге баруы азаяды. Яғни Жолдауда келтірілген жоғары оқу орнының мамандықтары қызметкерлері өз салаларына сәйкес өнеркәсіп орындарымен тығыз байланыс орнатып, дәріс алып жүрген білімгерлердің болашақта толыққанды жұмыспен қамтылуына жағдай жасай алады.

Мемлекет басшысы сонымен қатар жоғары білім беру жүйесінде ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту керек екеніне назар аударады. Мұның ыңғайында отандық жоғары оқу орындарының шетелдердегі жетекші университеттермен, ғылыми орталықтармен, ірі кәсіпорындармен және трансұлттық корпорациялармен бірлескен жобаларды жүзеге асыруы керектігін ескертіп өтеді. Бұл жас ғалымдардың ғылыми гранттар аясына квота бөліп, оларды қолдаудың жүйелі саясатын жүргізуге барып ұласады. Сол сияқты жас ғалымдардың білім беру саласына өзінің инвестициялық жобасы мен экспорттық әлеуетті экономиканың жеке саласы ретінде қарайтын уақыты келгені де қаперге алынады. Осының бәрі біздің қазіргі заманның талаптарына сай келетін мамандарды даярлап шығаруымызға жол ашып береді.      

Осыған орай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауын қолдау мақсатында, университетіміздің «Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру» институтының ұжымы жаңашылдықпен жұмыс жасап, жан-жақты тынбай еңбектеніп, өз үлестерін қосады.

Сағынтай Тәттібаев

«Құрылыс және

материалдар өндіру» кафедрасының

                                                                                              аға оқытушысы

Прочитано 364 раз
Top