Ғылым өндірістің алдында жүруі шарт

«Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді» - дей келе Президент Жолдауда айтылатын міндеттің бәрі үш жылдың ішінде орындалуға тиіс. Ал аса күрделі міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты мерзім бекітіледі, деген. Мемлекет басшысының бүгінгі Жолдауы Қазақстанның экономикалық бағыт-бағдарына арналып отыр. Өйткені алмағайып уақытта тек елімізде ғана емес, бүкіл әлемде экономикалық дағдарыс, құлдырау сезілуде. Бұл бір жылдық қана көрініс емес, жалпы алдағы уақытта да геосаяси өзгерістің ұзақ уақыт көрініс табары зерттеліп зерделенген жайт. Тек Қазақстан ғана даму жолында емес, әлем елдері де бәсекелестікпен жылдам өркендеу жолында. Сондықтан күтіп отыратын кез емес, өз өнеркәсібімізді дамытатын, алға ұмтылатын, ғылыми әлеуетімізді жоғарылататын заман. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев халыққа жолдауында еліміздің барлық саласын қамтып өтті. Тіршілік көзі болып табылатын су ресурсынан бастап экономиканың негізгі күші энергия көздері, адам әлеуеті, демографиялық өсу, басқару, құқық, саяси реформалардың жалғасы сияқты тақырыптардың бәрі қарастырылған.

Соның ішінде жасанды интеллекттің қоғам дамуында алатын орны ерекше. Үкімет жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аударуға тиіс. Әлемде алдағы бірнеше жылда осы салаға бір триллион доллардан астам инвестиция салынады деген болжам бар. Жасанды интеллект оны дамыта білген елдердің ішкі жалпы өніміне айтарлықтай үлес қосуы мүмкін. Соңғы ғасырдың жартысынан бері түрлі елдің ғалымдары адамның санасы сияқты әртүрлі функцияларды басқара алатын күрделі механизмді жасанды жолмен жасауға тырысып келеді. Әзірге адам санасының аналогы жасалған жоқ. Оны ғылымда "жасанды интеллект" дейді. Жасанды интеллект жайлы футурологтардың болжамы бүгінде іс-жүзіне аса бастады. Небір таңғажайып дүниелер шындыққа ұласты. Бұның бәрі ғылының жетістігі. Елімізде осы жасанды интеллекті дамыту үшін кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек екендігін Президент атап өтті.

Президенттің жолдаудағы көтерген әр мәселесі бүгін үшін тың әрі өзекті. Сондықтан азаматтарымыз тек біліммен ғана, үздіксіз ізденіспен ғана өркендеу жолына түсе алады. Жақсы өмір сүруіміз үшін білім мен ғылымға көп көңіл бөлуіміз керек. Ғылым өндірістің алдында жүруі шарт. Бұл заман талабы.

Бақыт Әлмұратов

«Педагогикалық психология» кафедрасының аға оқытушысы

Прочитано 299 раз
Top