Ағылшын тілін жетік меңгерген жас, сұранысқа ие маман болады. Жан-жақты болған кадр тек елде ғана емес, әлемдік деңгейдегі мекемелерде қызмет атқара алады. Танымы молайған сайын, біліктілік артады.
Жақында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Қалалық және ауылдық мектептерде ағылшын тілі оқыту сапасы арасындағы алшақтықты азайту» атты жобасы қабылданған. Осы ретте Дулати университетінде танымы, берері мол республикалық семинар өтті. Жамбыл облысы және Тараз қаласы бойынша мектептердің ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері қатысқан семинар оффлайн және онлайн форматта ұйымдастырылды.
Жоба Қазақстанның 5 ірі ЖОО-дары коллаборация негізінде жұмыс жасайды. Олар Дулати университеті, Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау университеті, Астана ІТ университеті, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты, Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті.
Семинарда Дулати университетінің басқарма мүшесі-академиялық мәселелер жөніндегі проректор Бауыржан Манапбаев сөз сөйледі. Жиын барысында ауыл мен қала мектептерінің мұғалімдері өздерінің оқыту әдістемелерін ортаға салып, топтық тапсырмалар орындады.