"Түлектер сабақтастығы" республикалық форумы өтті

Алдыңғы толқынның жас буынмен өзара байланысы – өмірдің көші. Еңбек пен білім тәжірибесі осылай жалғасады. Ұрпақтар сабақтастығы солай сақталады. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде өткен «Түлектер сабақтастығы» атты республикалық түлектер форумында осының бәрі айқын көрініс тапты.

«Ұстаз» институты«Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының бастамашы болған форумда Дулати университетінің басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Байжұманов жоғары білім беру және кадр даярлау ісін дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Түлектер сабақтастығы жасөспірімдерге мамандық таңдауда дұрыс бағдар беруге септігін тигізетінін сөз етті. Ал түлектердің оқу орнымен байланысын үзбегені – ұстаздарға, жалпы білім ордасына деген құрметі екеніне атап өтті.

– Мамандық таңдауда кәсіптік бағдар ретінде біз биыл жас түлектер үшін тың жаңалық ұсына алатынымызды айта кеткен жөн. Өздеріңізге белгілі, біздің өңір химия өнеркәсібі дамыған аймақ. Облыста «Қазфосфат» ЖШС-ның ірі екі зауыты бар. Өнім өндіруде әлеуеті артып келе жатқан зауыт бірнеше үлкен жобаларды қолға алмақшы. Ал ол үшін білікті кадрлар қажет. Кәсіпорын бұған дейін химик-технолог мамандарды шетелде даярлап келген. Өндіріс орнының ендігі үміті бізде, - дей келе Мұхтар Қазыбекұлы Дулати университеті, Д. И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті және «Қазфосфат» ЖШС арасында білім және ғылым саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы үшжақты келісімге қол қойылғанын, соның негізінде жаңа оқу жылынан бастап «Қос дипломды» білім беру бағдарламасы бойынша химик-технологтар даярлана бастайтынын жеткізді. Алдағы уақытта Дулати университетінің базасында РХТУ-дың филиалын ашу бағытында жұмыстар атқарылып жатқанын сөз етті.

         Дулати университеті даярлайтын мамандықтарды дәріптеу, жұмыс берушілермен ынтамақтастық орнату, бітіруші талапкерлерге кәсіптік бағдар беру жұмысын насихаттауды көздеген жиында облыстық білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек болашақ талапкерлерге бірқатар танымдық ақпараттар берді.

Университет түлегі Парламент Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов және Ғылым және жоғары білім министрлігінің қызметкері, Ұлыбританиядағы Глазго университетінің «Білім саласындағы зерттеулер» мамандығының түлегі Жандәулет Құдайбергенов бейнесәлемдеме жолдап, оқытушылар мен жас талапкерлерге ізгі тілегін жеткізді.

Сондай-ақ жиында оқу орнының 2003 жылғы түлегі, АҚШ-тағы Джордж Вашингтон университетінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты Наужан Дидарбекова мектеп бітіруші түлектерге тестілеу форматына енгізілгенөзгерістер туралы айтып өтті. Ал «Анаға тағзым орталығының» директоры Эльмира Мырза-Ғали білім берген ұстаздарының адами, азаматтық тұлғасы жайында жылы естеліктерді еске түсіріп, жүрек тебірентер жылы лебізін арнады.

Форумда кешегі және бүгінгі студенттердің ортақ естеліктері сахналық қойылымдар арқылы көрсетіліп, әсем әуендер шырқалып, талапкерлерге арналған көрме ұйымдастырылды.

Форумның ұйымдастырылуына ұйытқы болып, түлектердің бас қосуына берер танымдық, тағылымдық, тәрбиелік мәнінің еселене түсуіне көсбасшылық жасап отырған «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.д., профессор Тұрсынай Абдықадырова түлектерге Алғыс хат тапсырып, форумды түйіндеді.

WhatsApp Image 2023 04 24 at 15.50.59

WhatsApp Image 2023 04 24 at 15.50.58

WhatsApp Image 2023 04 24 at 15.51.00

WhatsApp Image 2023 04 24 at 15.51.00 1

WhatsApp Image 2023 04 24 at 15.51.01

WhatsApp Image 2023 04 24 at 15.51.02

WhatsApp Image 2023 04 24 at 15.51.03

WhatsApp Image 2023 04 24 at 15.51.03 1

Прочитано 814 раз
Top