Дулати университетінде экология саласының мамандары, ғалымдар Халықаралық конференцияда бас қосты. «Экология және табиғатты пайдаланудың өзекті мәселелері» деп аталатын бұл конференция техника ғылымдарының докторы, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Ахметов Әшімжан Сүлейменұлының 70 жылдығына арналды.
Осыған орай екі күн түрлі іс-шаралар жоспарланған болатын. «Гамбит» шахмат клубында университетіміздің оқытушылары мен студенттері, қызметкерлері шахматтан бақтарын сынап, бәсекеге түсіп, өзара ой жарысының үздіктерін анықтады. Конференция барысында «Казфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіров жарыс жеңімпаздарын, үздік ойыншыларды дипломдармен марапаттады.
Әшімжан Сүлейменұлы 1950 жылы 23 ақпанда Жамбыл облысы Шу ауданында дүниеге келген. Мектепті алтын белгімен аяқтап, Ленинград технологиялық институтын да үздік бітірген. Еңбек жолын Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтынан бастады. Кейін «Қазфосфор» қауымдастығы төрағасының орынбасары, «Қаратау» холдингтік компаниясының бірінші вице-президенті, қазақ-лихтенштейндік «INKO» бірлескен мекемесінің бас директоры болған. Одан кейін ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары, Көлік, өнеркәсіп, энергетика және байланыс комитетінің төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты, Экология және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы болды. Елімізде бірнеше жоғары оқу орнын басқарды. Өмірінің соңғы жылдары М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры болды. Ғылымда іргелі зерттеулерімен өлшеусіз үлес қосқан ғалымның өмірден озғанына сегіз жыл уақыт болыпты. ТарМУ ұжымы ғалымның еңбектерін насихаттап, атын кейінгі жас біліп, естеріне сақтап жүру үшін әр жылдары конференциялар ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткізіп тұрады.
Бүгінгі конференцияға алыс, жақын шетелдерден келген қонақтардан бөлек сыныптас досы, белгілі сатирик Көпен Әмірбек өз естеліктерімен, балалық шақта бастан өткен қызықты оқиғаларымен бөлісті.
Конференцияның модераторы университет ректоры п.ғ.д., профессор Махметғали Сарыбеков өз сөзін тарихи сабақтастық ұғымын тарқатудан бастады. «Оқу ордамыздың қалыптасу тарихында еңбек сіңірген Хамза Сейітов, Рахмет Жолаев сынды ректорлардың салған сара жолын абыроймен жалғастырған Әшімжан Сүлейменұлы ғылыми мектепті қалыптастыруда ерен еңбек етті. Жоғары мектептің ұйымдастырушысы ретінде көп жұмыстар атқарды. Мемлекеттік қайраткерлік еңбегі тағы бар»,- деді М.Н. Сарыбеков.
ҚР Мемлекеттік және қоғам қайраткері, еңбек сіңірген заңгер Ирак Елекеев «Ә.Ахметов - ғалым, Қазақстан Республикасындағы жоғары білімді ұйымдастырушы» тақырыбында баяндама жасады. Ә.Ахметовтың Англияға барып, сол елдің заңдарымен танысып, еліміздің экологиялық кодексіне арнайы бап енгізгенін айтты. Ғалымның бар болмысы кейінгіге үлгі-өнеге екенін жеткізді.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дария Қожамжарова «Әділдіктің барометрі: Қазақстандық жоғары мектепті қалыптастырудағы ғалым Ә.Ахметовтың өзіндік моделі» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ, Халықаралық конференция барысында А.Д. Сахаров атындағы Беларус мемлекеттік университетінің ғалымы, т.ғ.к. Мария Герменчук, Мәскеу қаласынан келген Бүкілресейлік қоршаған ортаны қорғау саласында жұмыс берушілер қауымдастығының стратегиялық даму және білім беру бөлімінің бастығы Галина Шевцова экологиялық ахуалдар мен оны шешу жолындағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ізденістерімен таныстырып, ғылыми жаңалықтарымен бөлісті.
Халықаралық экология академиясының президенті, т.ғ.д., профессор Мұсағали Дуамбеков өз баяндамасында елімізде 47 млрд.тонна түрлі қалдықтар барын айтты. Және бұл қалдық көлемі жыл өткен сайын артып келеді. Экология саласының мамандары атқаратын жұмыстың аса көптігін тілге тиек етті. Академияда қолға алынған бірнеше жобамен таныстырып, жас ғалымдарды түрлі жобаларға қатысып, оны өндіріске енгізіп, тәжірибе алмасуға шақырды.
«Экологияның қазіргі жаһандық мәселелері» тақырыбында баяндама жасаған Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің профессоры, т.ғ.д. Тіріболсын Омарбеков экологияның жаһандық проблемаларын: бүкіләлемдік климаттың өзгеруі, жер салмағының өсуі, антропогенді факторлардың әсері жөнінде тарқатып айтты.
Іс-шара соңында сөз алған ғалымның жолдасы Дина Смайылқызы барша келген қонақтарға алғыс білдірді. Конференциядан соң марқұмның әруағына бағышталып құран оқылып, ас берілді.
МЕДИА-ҚЫЗМЕТ