М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті гидротехниктерді даярлауда халықаралық деңгейде өзара ықпалдастықты нығайтуды көздейді. Бұл ретте ТМД аумағындағы елдердің белді оқу орындарымен тәжірибесін оқу процесіне енгізу аса маңызды қадам болып отыр.
Осы мақсатта Дулати университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов бастаған делегация Өзбекстанға, «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» Ұлттық зерттеу университетіне арнайы жұмыс сапарымен барды.
Университет ректоры Баходир Мирзаев Мұхтар Қазбекұлымен кездесіп, оқу орнындағы білім беру процесімен таныстырды.
Жоғары білім беру және еңбек нарығында сұранысқа ие су шаруашылығы мамандарын даярлауда өзара ынтымақтастықты орнатуды көздеген кездесуге Қазақ су шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» ЖШС-нің директоры Нұрлан Балғабаев және «Су ресурстары» кафедрасының доценті және «КАСКАД» Консорциумы бойынша үйлестіруші Ғалия Омарова қатысты.
Кездесуде екіжақты өзара келіссөздер негізінде білім беру мен ғылыми зерттеулерді дамыту және жоғарғы оқу орындарының өзара бірлестіктерін нығайту мақсатында Меморандумға қол қойылды.
Екіжақты келісім сұраныстарға сай су саласы мамандарын: бакалаврларды және магистрларды даярлаудың бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында:
-«Гидротехникалық құрылыс (су шаруашылығында);
-«Сумен жабдықтаудың инженерлік жүйелері»,
-«Су шаруашылығы және мелиорация»;
-«Су шаруашылығындағы инновациялық технологиялар және оларды пайдалану» бағыттары бойынша даярлауға негізделген.
Сондай-ақ осы сапарда "CASKAD" Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ елдерін дамыту және ауыл шаруашылығы университеттерінің Консорциумы бойынша жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру мақсатында келісім шарт жасалды. Маңызды бірнеше құжаттарға қол қойылды.
Кездесуден кейін делегация су саласындағы негізгі оқу және ғылыми зертханаларымен, жаңа аспаптар, қондырғылар және шынайы макеттермен танысып, өзара пікір алмасты.
Айта кету керек, Ташкенттегі Ұлттық зерттеу университеті – Өзбекстанда су шаруашылығы саласын білікті кадрлармен қамтамасыз етіп отырған белді оқу орны.