Әлемдік додадан 1 алтын, 1 күміс еншіледі

Әнұран мен Көк Туымыз туралы әңгіме қозғалғанда спортшыларымыз еске түсетіні анық. Өйткені ел намысын арқалаған оғландарымыз халықаралық додаларда атой салғанда еліміздің Әнұраны шырқалып, Көк Туымыз көкке көтеріледі.

Жаһандық бәсі биік бәсекелерден әлем және Азия біріншілігі, Азия ойындары және тағы басқа да халықаралық додаларда ел намысын қорғап жүрген жастарымыз жетерлік.

Жастықтың жалын шағын спортпен байланыстырған әлемдік додалардың чемпионы Нұржан Асан – Дулати университетінің студенті. Бұған дейін жалпы саны алпысқа жуық медальдың иегері атанған. Атап айтсақ, Бразилияда өткен 24-жазғы сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегері, грек-рим күресінен Қазақстанның 8 дүркін чемпионы, 2021 жылы өткен әлем чемпионатынан 4-орынды иеленген. Жүйелі дайындық пен зор сенімнің нәтижесінде жамбылдық палуанның бір арманы орындалды. Ол – Азия-Тынық мұхиты аймағының ойындарында қарсыластарын ойсырата жеңіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Әнұранды әлемге шырқатып, көк туды көкке желбіретті. Дәл осы әлемдік додада Ғасыр Тұрғынбай 74 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, 2-орын иеленді.

Азия-Тынық мұхиты аймағының ойындары 12 ел арасында өтті. Додаға 300-ге жуық спортшы қатысты. Спорт саңлақтары 4 спорт түрінен бақ сынады. Грек-рим күресінен 82 келі салмақта додаға түскен Нұржан Асан қарсыластарын 9:0, 11:0 ұпаймен жеңсе, ақтық сында ирандық палуанды бір жарым минутта 9:0 есебімен жеңіп, әлем чемпионы атанды.

Дулати университетінің «Денешынықтыру және спорт» факультеті көпшілік арасында «Спорт шеберханасы» деп те аталып кеткен. Байрақты бәсекеде бақ сынап, жеңіспен оралатын студенттер – оның дәлелі.

WhatsApp Image 2023 03 13 at 15.37.24

WhatsApp Image 2023 03 10 at 17.03.12 1

WhatsApp Image 2023 03 13 at 15.47.00

Прочитано 484 раз
Top