Алғыс айту күні – Қазақстан халқы бірлігінің көрінісі

Елімізде көктемнің алғашқы күнінде Алғыс айту мерекесі атап өтіледі. Қазақстан халқы биыл жетінші жыл қатарынан Алғыс айту күнін тойлауда.

Жастар арасында бұл мерекенің тарихын, мән-мағынасын дәріптеу, түсіндіру мақсатында Дулати университетінде "Қазақстан халқы Ассамблеясы" кафедрасы дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Алғыс айту артықтық етпейді әрине. Тағдырдың тәлкегімен елімізге қоныс аударған этнос өкілдерін қазақ халқы құшақ жая қарсы алып, ауыртпалық атаулыны бірге көтерді. Бұл күн - қиын-қыстау кезеңдерде қуаныш-қайғыны бөлісіп, пана бола білген қазақ халқына өзге ұлт өкілдерінің алғыс айтатын күні. Бұл мерекенің негізі де осында. Дегенмен пандемия кезінен бастап мерекенің сипаты өзгерді. Тек өзге этнос өкілдері ғана емес, отбасы мүшелерінің бір-біріне, жақындарымызға, достар мен көз көрген таныстарымызға мейірім мен ықыласымызды білдіруді әдетке айналдырды. Жақыныңа айтатын алғыс бір күнмен шектелмеуі керек. Бүгінгі бас қосудың мәйегі де осында,-дейді "Қазақстан халқы Ассамблеясы" кафедрасының меңгерушісі ҚХА ғылыми сараптамалық тобының басшысының орынбасары, Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі Мамедова Парида Иманжанқызы.

Жиын барысында Дулати университетінің оқу ісі жөніндегі проректорының м.а., техника ғылымдарының кандидаты Алдаберген Мәлібеков құттықтау сөз сөйледі. Сонымен қатар жылдар бойы қызмет атқараған білім ордасына, әріптестеріне, алғыр шәкірттеріне алғысын білдіретінін айтты.

Келген қонақтарға Ақпараттық технологиялар факультеті студенттерінің алғыс айту күніне орай дайындаған бейне-ролигі ұсынылды. Шара соңында қатысушылар алғыс хатпен марапатталды. Достық пен ізгіліктің символы болған мерекеде ақжарма тілектер айтылып, көтеріңкі көңіл-күй тарту етілді.

Адам жанының риясыздығын көрсететін «Алғыстың» өзі – өткенге, жасаған жақсылыққа берілетін баға. Ал Қазақстандағы өзге этнос өкілдерінің сонау қиын-қыстау кезеңде құшақ жая қарсы алған кеңпейіл де қонақжай қазақ халқына ризашылық білдіруі – кешегі тарихымыздың ұмытылмағаны. Бүгінде бұл мереке халық арасында кеңінен таралып дәстүрлі түрде тойлануда.

 WhatsApp Image 2023 02 28 at 17.44.55

WhatsApp Image 2023 02 28 at 17.44.55 1

WhatsApp Image 2023 02 28 at 17.44.55 3

WhatsApp Image 2023 02 28 at 17.44.55 4

 

 

 

Прочитано 977 раз
Top