Студенттерге шетелде білім алу жолдары түсіндірілді

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Халықаралық ынтымақтастық орталығының мамандары студенттерге Erasmus+, Академиялық ұтқырлық және Шанхай ынтымақтастық ұйымының бағдарламалары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Студенттің білімін арттыруға, шетелдік тағылымдамадан өтуге жасалынған мүмкіндіктер – Дулати университетінде қарқынды дамыған. Бұл күнге дейін жүргізілген жұмыстар, тек өңірде ғана емес еліміздің ғылым, білім саласында оң нәтижелерін беруде. Жиында Халықаралық ынтымақтастық орталығының басшысы Гүлнұр Исабекова баяндама жасады.

WhatsApp Image 2023 02 09 at 12.49.13

– Жоба шеңберінде оқыту және қаржыландыру Евросоюздің қолдауымен жүзеге асырылады. Жобаның ұзақтығы бір оқу семестрі немесе бір жылды құрайды. Бұл бағдарлама білім берудегі оқыту жүйелерін жаңғырту және тұрақты дамуға қолдау жасау, сонымен қатар дағдыларды жетілдіруге, жастардың жұмыспен қамту мүмкіндігін жақсартуға бағытталған. Erasmus+ жобасы адам әлеуетін дамытуға инвестицияларды едәуір ұлғайтуды болжайды,-дейді Гүлнұр Болатбекқызы.

Erasmus+ бағдарламасында оқитын студенттер Еуропалық жоғары оқу орындарының үздік тәжірибелерін пайдалана отырып, білімін шетелде шыңдауға мүмкіндік алады. Жобаны іске асыру үшін Дулати университеті Испания, Италия, Польша және Португалия, Болгария университеттерімен байланыс орнатқан. Кез-келген мамандықта оқитын студенттің шетелден тәжірбие жинақтауына мүмкіндігі бар. Жобаға қатысу үшін ағылшын тілінде IELTS тестінен өтуі және GPA көрсеткішінің 3-тен жоғары болуы, академиялық және қаржылық берешегі жоқ болуы талап етіледі.

– Келесі жобаның бірі – Академиялық ұтқырлық бағдарламасы. Өзіндік ерекшеліктері мен артықшылықтары бар. Бұл жоба екі түрлі бағытта жүргізіледі. Ұлттық академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысатын студенттер қаржылай яғни, жол шығыны, тұрғын-үй, тамақ  шығындарын өз есебінен төлейді. Ал Халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасы келесідей жолдармен қаржыландырылады: Республикалық бюджеттен, қабылдаушы ЖОО-ның есебінен, білім алушылардың өз есебінен екенін спикер, Болон процесі және академиялық ұтқырлық секторының үйлестірушісі Гүлшат Мұханмедярова атап өтті.

WhatsApp Image 2023 02 09 at 12.49.12 2

Оқу бағдарламасы ағылшын, орыс және қытай тілдерінде жүргізілетін жоба – Шанхай ынтымақтастық ұйымы деп аталады. Жоба әртүрлі елдердің студенттерінің өзара білім алмасуы мен академиялық ұтқырлығына, қатысушы елдер таңдаған бағыттар бойынша білім деңгейін көтеруге бағытталған. Бүгінгі күнге дейін жүздеген студенттің шыңдалуына мүмкіндік сыйлауда.

Кездесу соңында мамандар студенттердің сұрақтарына жауап берді. Білімге, ғылымға ұмтылған әрбір жас шетелдік университеттерден тағылым алып, білім жүйесімен хабардар болғаны жөн. Осы ретте ұйымдастырылған жиынға қатысушылар алғыс айтты.

Прочитано 742 раз
Top