Үздіктер Дулати университетінде оқуға 100 пайыз жеңілдікке ие болды

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығы «Дебат – сөз додасы» атты облыстық пікірсайыс турнирін өткізді. Интеллектуалдық сөз жарысында бақ сынаған 21 команда – әр ауданнан және Тараз қаласынан келген мектеп оқушылары.

Еске сала кетсек, өткен жылы министрлік әр аймақта дебат қозғалыстарын жандандыру қажет екенін ескертіп, осы бағытта жұмысты жандыруды тапсырғаны болатын. Дебат турнирлерін оқушылар арасында ұйымдастырудың мәні зор. Бұл бір жағынан, өскелең ұрпақтың бойына қазақстандық патриотизмді сіңіріп, туған өлке мен ел мәселелерін талқылаудағы жеке жауапкершілігін арттырады.

Сонымен қатар, бұл іс-шара мектеп пен жоғары оқу орны арасындағы байланысты нығайта түседі. Болашақ талапкерлерге таңдау жасауға мүмкіндік туады. Университтетпен танысып, студенттік өмірмен танысуға жол ашылады.

Дебат турнирінің ашылу салтанатында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Инфрақұрылымды дамыту жөніндегі проректор Серік Сәлемов және облыстық білім басқармасының басшысының орынбасары Мұхит Нысанбаев турнирге қатысушы командаларға сәттілік тіледі. Іс-шараның шымылдығын «Томирис» би тобы «Көңілді бикеш» биімен ашты. «Іңкәр» триосының «Қазағым ай» әнін шырқап, «Томирис» би тобының «Вальс» биін биледі. Іс-шараға жалпы саны 150 адам қамтылды.

Қиыннан қиыстырған тіл жүйріктерінің өнер жарысы тартысқа толы болды. Командалар жарысқа үлкен дайындықпен келгендіктен, төрешілерге үздік спикерлерді анықтау оңайға соққан жоқ. Қазақ және орыс тілді фракциялар арасынан 1-орынды Байзақ ауданынан келген Аружан Әбутәліп пен Нурила Камаладин, тараздық Мақсат Мұрат пен Кира Тарасенко жеңіп алды.

Финалға дейін бәсекеде дес бермеген шулық «Арланс» тобының ораторлары Іңкәр Жанатбек, Әсел Теміржан пен тараздық «Успешное поколение» фракциясынан Исламбек Мамырбек, Бибіжамал Бақытжамал 2-орынды еншіледі.

3-орынды қазақ және орыс тілді фракциялар арасынан 4 команда өзара бөлісті. Атап айтсақ, Жамбыл ауданынан келген «Көшбасшылар» – Дастан Нұрұлқас, Бекнұр Айхынбек пен Тараз қаласы «Момышұлы» фракциясынан – Аруана Тұрсынбек, Нұрболат Ізтілеу, шулық Даниял Василиненко, Игорь Акишин, «Білім-Инновация» дарынды қыздарға арналған мектеп-лицейінен Айару Сүгүрғали, Русалина Ибрагимованың командасы үздік үштікті түйіндеді.

Сондай-ақ №18 орта мектебінің дебат жетекшісі Хусейн Сарымамед-али мен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 3 курс студенті Талант Қрықбай турнирдің «Үздік төрешісі» атанды.

«Үздік жетекші» аталымы бойынша Тараз қаласындағы Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясы мұғалімі Мұхамедәлі Мархабай мен шулық А.Байтұрсынұлы атындағы гимназияның мұғалімі Дильяра Оспанбекова марапатталды.

Жуалы ауданындағы №2 Мыңбұлақ орта мектебінен келген дебатшы Еркеназ Қонысбай – «Үздік спикер», Байзақ ауданындағы Н.Ақшабаев атындағы орта мектебінің оқушысы Аружан Әбутәліп «Үздік оратор» номинациясына лайық деп танылып, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде оқуға 100 пайыз жеңілдікке ие болды.

Пікірсайыс турнирінің қорытындысы бойынша талантты, дарынды, және тілге жүйрік ой өрісі кең оқушылар М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Мұхтар Байжұмановтың және облыстық білім басқармасының Мақтау грамоталарымен марапатталды.

WhatsApp Image 2023 01 30 at 17.26.17 2

WhatsApp Image 2023 01 30 at 17.26.17 1

WhatsApp Image 2023 01 30 at 17.26.17 3

WhatsApp Image 2023 01 30 at 17.26.17 4

WhatsApp Image 2023 01 30 at 17.26.17 5

WhatsApp Image 2023 01 30 at 17.26.17 6

 

WhatsApp Image 2023 01 30 at 17.27.51 1

 

Прочитано 941 раз
Top