Ғылымға ден қойған зерттеушілер үшін Scopus базасын пайдалана білу – аса маңызды. Сол себепті базадағы деректерді іздеу, оны керегіне жаратудың жолын және өз еңбегін жариялаудың жолын үйрену мүмкіндігін жібермеуге тырысатыны анық. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Практикалық шетел тілдері» кафедрасы мен Ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастыру және үйлестіру бөлімі «Ғылыми-зерттеу жұмысында Scopus базасын пайдалану және Scopus базасында мақала жариялау» тақырыбында семинар ұйымдастырғанда, оған қатысушылардың қатары көп болғаны да, сондықтан.
Семинарды Scopus және Web of Science мәліметтер базасына енгізілген халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдардағы мақалаларды қолдау бюросының маманы Ерлан Еркінов жүргізді. Қатысушыларға берілген негізгі мәліметтер – Scopus деректер базасын ғылыми-зерттеу жұмысында пайдалану мүмкіндіктері, Scopus ережелері бойынша мақаланы жіберудің негізгі түйінді тұстары. Сондай-ақ импакт-фактор, квартил сияқты ұғымдар туралы да айтылды. Сондай-ақ журналды қалай дұрыс таңдау қажет, қандай жұмыс түрлерін тапсыруға болады, мақаланы қалай дұрыс әзірлеу керек, мақаланың құрылымы, ілеспе хатты қалай жазу керектігі туралы толық түсіндірілді.
Оқыту курсынан кейін Ерлан Еркіновке бірқатар сұрақтар қойып, әңгімеге тартқан едік.
– Жалпы Scopus дегеніміз не? Ол не үшін қажет?
– Scopus – рецензияланған ғылыми әдебиеттердің (журналдар, кітаптар, конференциялар, салалық басылымдар) біртұтас библиографиялық базасы. Scopus немесе Web of Science сияқты халықаралық дәйексөз деректер базасындағы жарияланымдар – көптеген халықаралық ғылыми бағдарламаларға қатысудың алғышарты. Халықаралық журналдарда мақалалардың болуы ғылыми қоғамдастықта елеулі беделді қалыптастыру үшін керек. Scopus – журналдар мен мақалалардың ең үлкен дерекқоры. Бұл – ғылыми мақалаларды жазу барысында таңдаған тақырып бойынша жасалған зерттеулерді іздеп-табуға өте ыңғайлы база.
– Мақаланы Scopus-та тегін жариялауға бола ма?
– Иә, тегін жариялауға болады. Бірақ алдымен журналға қол жеткізудің қандай рұқсат түрін таңдайтыныңызды шешіп алу керек. Scopus-та ашық ақпараттар дерегіне қол жеткізудің және жазылым арқылы кірудің бірнеше мүмкіндігі бар. Ашық қолжетімділікті таңдаған кезде журналға жариялау үшін белгілі бір соманы төлеу қажет (журнал сіздің мақалаңызды қабылдаған жағдайда ғана), бұл жағдайда сіздің мақалаңыз барлығына қолжетімді болады, бұл оның дәйексөзі мен оқылымдылығын арттырады. Бағасына келсек, көп жағдайда квартиль неғұрлым жоғары болса, соғұрлым қымбат. Ал жазылым арқылы жариялауды таңдасаңыз, сіздің мақалаңыз журналға жазылған жеке тұлғалар мен ұйымдарға ғана қолжетімді болады. Бірақ жарияланым үшін ақша төлеудің қажеті жоқ.
- Ғылыми журналдың қай Scopus квартиліне жататынын қалай білуге болады? Бұл ретте квартиль қандай рөл атқарады?
- Журналдың қай квартильге жататынын білу үшін Scopus веб-сайтына өтіп, журналды таңдап, төмен қарай жылжып, журналдың процентильін қарау керек. Квартиль мен процентильдің қатынасы келесідей: Q1 - 100-75, Q2 - 75-50, Q3 - 50-25, Q4 25-0. Квартиль дегеніміз – дәйексөз деңгейін, яғни ғылыми қоғамдастықтың журналға деген сұранысын көрсететін библиометриялық көрсеткіштермен анықталатын ғылыми журналдар категориясы.
- Scopus деректер базасына енгізілген журнал әдетте қанша уақытта жарық көреді?
- Журналға байланысты жариялау алты айдан бір жылға немесе екі жылға дейін созылуы мүмкін.
- Ғылыми жарияланымдарға қатысты жиі айтылатын термин бар екені белгілі. Сол «Жыртқыш» журналдарды қалай анықтауға болады?
- Біріншіден, мақала жолдайтын журналды мұқият зерделеп алыңыз. Журналдың сайтында орфографиялық немесе лексикалық қателер болса, әдеттегі журналдардағыдай жариялау кезінде емес, мақала жіберген кезде төлем сұрайды, талаптарға назар аудармайды, редакциялық алқасы көрсетілген бет жоқ немесе онда аталған ғалымдарды таба алмасаңыз, онда ол сіз қауіптенген «жыртқыш» жарияланым болуы мүмкін.
- Scopus журналына мақала дайындауда қандай кеңестер бересіз?
- Мақала үшін өзекті және қызықты тақырып таңдау керек. Мақалаңызға сәйкес журналды таңдап, журналға мақала жазу талаптарын зерттеп, содан кейін ғана талапқа сай етіп жазу керек.
Айнұр Нұржанова,
«Практикалық шетел тілдері» кафедрасының аға оқытушысы.