Дулати университетінің ғалымдары фосфор қалдығын қайта өңдеудің тиімді технологиясын ұсынды

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғалымдары «Қазфосфат» ЖШС-нің «Жаңа Жамбыл фосфор зауытынан» шығатын қалдықтарды қайта өңдеп, құрылыс материалын өндірудің тиімді жолын ұсынып отыр. Оқу ордасының ғылыми-тәжірибелік лабораториясында жүргізілген зерттеулердің қорытындысына қарай жоба жасаған.Осы жоба жүзеге асса, онда қоршаған ортаға залалын тигізіп жатқан қалдықтардан құтылып қана қоймай, өңір бюджетіне мол табыс түсетін болады.

Өңірдің экологиялық жағдайына жамбылдық ғалымдардың алаңдауы заңдылық. «Қазфосфат» ЖШС зауыттарынан шығатын қалдықтардың Жамбыл ауданының жерінде таудай болып үйіліп жатқанына талай жыл. Жыл өткен сайын таудың көлемі де, биіктігі де өсе түсті. Ал тыңайтқыш ретінде тегін береміз дегенге тасып әкетуге айнала төңіректегі шаруашылық басшылықтары құлықсыз болды.

  Олардың өйтетіндей де жөні бар екен. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғалымдарының және Жамбыл облысы әкімшілігінің ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, фосфор қалдықтарын сор тартқан жерге болмаса, бәріне бірдей қолдануға болмайды екен. Ал цемент немесе бетон өндірісіне пайдаланып, жол құрылысына қолдануға қалдық құрамындағы фтор көлемінің көптігі кедергі.

Дулати университетінің Ғылым және коммерцияландыру департаментінің директоры Сейітжан Орынбаев зауыттан шығып жатқан қалдықтарды 1,5 мың градуста қыздырып-өңдеп залалсыздандыру қажет екенін айтады. Бұл процесс екі этапта жүргізіледі. Әр кезеңнің сақталуы тиіс технологиясы мен талаптары бар. Себебі, химиялық реакцияларды жасауда артық асып, кем түсуге болмайды.

   – Зауыттан шыққан қалдық 15 миллион тоннадан асады. Өндіріс орнында екінші цех іске қосылғалы тағы 2,5 миллион тоннадайы қосылды. Осыған байланысты кәсіпорын басшылығы әкімдіктен қосымша 28 гектар жер сұрап отыр. Шығарындылардың шаңы аз мөлшерде десек те, оның қоршаған ортаға зияны барын ешкім жоққа шығара алмайды. Міне, осы жайттардың бәрі бізді көптен ойландыратын. Ғалымдардың бірлескен жұмыс нәтижесінде қалдықты 2 этапта қыздырып, фторсыздандырып, құрғақ гипс алудың жаңа технологиясы жасалды. Оны әрі қарай өңдеп, цемент өндіре аламыз. Осы жобаны өндіріске енгізсек, пайдасы көп, - дейді Сейітжан Әуесжанұлы.

Департамент директорының сөзіне сүйенсек, фосфогипсті 1 мың градуста өңдеу кезінде 98,1 пайыз таза гипс алады екен. Одан жоғары температурада 1,5 мың градуста әк аламыз. Алынған өнімнің 77 пайызын, оған 4 пайыз көмір коксын, 19 пайыз саз қосса, портландцементін алуға болады. Оны ұнтақтап, тұтынушының сұранысына сай әрі қарай М-400, М-600 цемент үлгісін жасауға да мүмкіндік мол көрінеді.

Ол үшін «Қазфосфат» ЖШС «Минералды тыңайтқыштар зауытының» жанынан цемент шығаратын өндіріс орнын ашу керек. Оған 2,7 миллиард теңге инвестиция қажет. Сомасы әжептеуір. Алайда одан түсер түсім бірер жылда-ақ шығынды ақтап алады. «Алғашқы жылғы табыс бөлек, ал одан кейін жылына 774,3 миллион теңге табыс көреді. Осы кәсіпорын ашылса, облыс қазынасына бір жылда 286,4  миллион теңге табыс түсетін болады. 48 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаның ақталу мерзімі 2,2 жыл. Ең бастысы таудай үйіліп жатқан қалдықтан құтылып, оны пайдаға жаратамыз», - дейді Сейітжан Орынбаев.

2

3

4

Дулати университетінің
медиа-қызметі

Прочитано 964 раз
Top