Ректор халықаралық жарыстардың жүлдегерлерін қабылдады

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті –параспортшылардан ұлттық құрамаға кіл мықтыларды баптап қосып отырған оқу орындарының бірі. Олай дейтініміз, биылдың өзінде Қазақстан командасының сапында әлемдік, халықаралық деңгейдегі жарыстарда Дулати университетінің 5 бірдей студенті үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, зор табыспен оралды.

Университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Мұхтар Байжұманов Халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап, үздік атанған параспортшыларды қабылдап, арнайы марапаттады. Оқу мен спортты қатар жалғастырып жүрген студенттермен ашық әңгімелесті.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Бразилияның Кашиас Ду Сул қаласында грек-рим күресінен өткен XXIV жазғы Сурдлимпиядада 77 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап қола жүлдегер, биылғы ел біріншілігінде чемпион атанған Нұржан Асан – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «6В01421-Білім саласындағы дене мәдениеттік-спорттық қызмет» мамандығының 4-курс студенті.

Ал Мексиканың Гваладахара қаласында өткен парапауэрлифтингтен әлем чемпионатында 49 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, жастар арасында жарыста екі рет жеңіс тұғырына көтеріліп, ерлер арасында тағы екі алтын медальді еншілеген Ерболат Кәрібаев та келер жылы университет бітіреді.

Жүзуден тірек-қимыл аппараты зақымданған және көру қабілеті төмен спортшылар арасындағы Германияның Берлин  қаласында өткен Әлем кубогының қола жүлдегері, еліміздің көп дүркін чемпионы, Қазақстанның халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айбек Маратұлының қол жеткізген жетістіктері өте көп.

Параарбадағы би спортынан Қызылорда қаласында болған Қазақстан Республикасының кубогында 3 қола, 2 күміс медаль жеңіп алған, тоғызқұмалақтан облыстық чемпионатта 2-орынды иеленген Әсел Мұсаева табандылығының арқасында талмай табысқа жетіп жүр.

Биылға дейін олжалаған жүлдерін айтпағанда, Яна Сибирякованың паражеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері атануы – көп нәрсені аңғартады. Яна биыл есту қабілеті төмен спортшылар арасында жеңіл атлетикадан өткен чемпионатта күміс жүлде қол жеткізді. Дәл осындай Шымкент қаласында өткен спартакиадада 3 алтын медальді жеңіп алған болатын. Ал Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласындағы өткен XXIV жазғы Сурдолимпияда ойындарында 4х400 метр қашықтықтағы эстафета жарысында 4-орыннан көрінді.

2

3

4

Дулати университетінің
медиа-қызметі

Прочитано 677 раз
Top