Тәуелсіздік күніне орай Қаратау тау-кен технологиялық колледжінің Тараз қаласындағы филиалының 1-курс студенттері «Желтоқсан оқиғасы-Тәуелсіздік бастауы» атты кездесу ұйымдастырылды.
Жиынға ҚР Журналистер одағының мүшесі, желтоқсан куәгері Бақытжан Мақашов қатысты. Жастардың бойына патриоттық сезімді дамыту, тәуелсіздік құндылығын бағалауға және қазақ тілін құрметтеуге баулу мақсатынды өткізілген жиында қатысушылар тың деректерге қанық болды.
Бақытжан Маханұлы жастардың алаңға шығуы, наразылығы, оларды тарқату үшін түрлі амал-тәсілдерді қолданған әскерилер әрекеттерін баяндап берді. Сол замандағы студенттердің батыл әрекеттері туралы әңгімелерін өрбітті. Бірқатар оқытушылардың жұмыстан шығып, курстастарының оқудан шектетілгенін айтты.
Тәуелсіздік оңай келген емес. Ол Қайрат, Сабира, Ләззат секілді аға-әпкелерінің батылдығы, қаны мен жаны арқылы жеткен ең қымбатымыз. Біз білетін тек санаулы ғана батырларды емес, шын мәнінде ерлікпен қаза тауып, әлі күнге дейін халық арасында айтылмай жүргендерді де ұлықтауымыз керек. Өткенге оралу, сол уақытты дәріптеумен шектелмей, болашақты сабақ алумен жалғастыру қажет. Сол үшін қазіргі жастарды тәуелсіздікті бағалауға, ел мен жерді көзінің қарашығындай сақтауға шақырамын. Қоғамның қозғаушы күші – жастар. Қазақ аталарымыз «Асыл – тастан, ақыл – жастан» деп бекер айтпаған. Жастарымыз білімді, білікті, намысшыл, отаншыл болсын» деп тілегін білдірді Бақытжан Мақашов.
Кездесу барысында колледж студенттері сұрақтарын қойып, еркін пікір алмастырды. Дулати университеттің Кітапханалық-ақпараттық орталығы «Желтоқсан оқиғасы – ұлт рухтың биік белесі» атты кітап көрмесімен танысты. Кездесуден кейін студенттер Қайрат Рысқұлбековтың ескерткішіне барып, батырға арнаған өз шығармаларын оқып, арнау айтып, гүл шоқтарын қойды.
Ерасыл Жарылқасым,
ЭЖТ тобының 1-курс студенті.