«Ұстаз» институты «Жайлы мектептің» мұғалімдерін даярлауда

Дамыған және дамушы елдер алдымен білім саласындағы оқыту жүйесін жаңғыртуға ұмтылатыны заңдылық. Елдегі бүкіл даму процесі соған тікелей байланысты. Мемлекетімізде білім берудің әр сатысына өзгерістерді енгізуді көздейтін 2021-2025 жылдарға арналған «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы қабылданған.

Міне, осы ұлттық жобаның бесінші міндеті – қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру деп айқындалған. Бұл ретте әрине, кадр даярлаудағы барлық білім сапасын көтеру, білім ордаларының халықаралық имиджін көтерудің барлық жолын айқындалған. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің оқытушы-профессорлар құрамы осы мақсат-міндеттерді жүзеге асыруда.

Дулати университетінің ұжымы бұл бағытта шетелдік тиімді тәжірибелер мен тәсілдерді пайдалана отырып, өзара ықпалдастық жағдайында бірлесе жұмыс жүргізіп жатқанын айта кетуіміз керек. Жаңа әдіс-тәсілдерді оқу процесіне енгізу үшін алдымен оқытушылар арасында көшбасшы әдіскерлерді анықтап, шетелде біліктіліктерін жетілдіруіне мүмкіндік беру дұрыс жолға қойылған. Өз кезегінде олар көріп-үйренген іс-тәжірибелерімен бөлісуде.

Қазір Сингапурдан келген екі эксперт Майк Тируман и Лилия Мухаметшинадан ондағы білім беру жүйесінің іс-тәжірибесін үйренген көшбасшы әдіскерлер «Ұстаз» институтында семинар-тренингтер өткізуде. Ондағы мақсат – болашақ мұғалімдерді даярлайтын оқытушылардың ой-әдіс жүйесін өзгерту. Ал бұл өз кезегінде маман даярлау ісіне оң ықпал ететіні анық.

Тренинг әдіскерлері түрлі бағытты таңдап алған. Айталық С.Әлімбаева алдағы мақсат-міндеттерді түзу жүйесін өзгертудегі көріп-көкейге тоқығанын үйретуде. Ал Б.Тасуов көшбасшыны қалыптастырудың талаптарына тоқталса, Т. Назым оқушы мен педагог моделін қалыптастыру туралы айтады. Г.Исабекова әдістемелік тәсілдердің ерекшеліктерін таныстырады.

«Жайлы мектеп» – бұл тек құрылысы жағынан ғана өзгеше мектеп салуды көздейтін жоба емес. Онда бала үшін барлық жағынан жайлы орта қалыптастыру көзделген. Бұл ретте, өңірде «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде ашылатын 20 мектепке лайықты, жаңа тұрпатты мұғалімдер даярлау ісі – өте өзекті. «Ұстаз» институты оған әзірлікті қазірден бастауда.

Прочитано 821 раз
Top