Орта білім беру ұйымдарының озық білім беру тәжірибесін бітіруші курс студенттері арасында тарату болашақ маман үшін пайдалы болмақ. Осы мақсатта НЗМ «Аймақта кәсіби-педагогикалық кадрларды даярлау» жобасының аясында Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің ағылшын тілі мұғалімдері Дулати университетінің «Әлем тілдері» кафедрасының 4-курс студенттерімен оқыту семинар-тренингтерін өткізді. Орта білім беру саласының локомотиві, жаңаша оқыту әдістемесін трансформациялаушы және таратушы – НЗМ мектептерінің тәжірибесімен танысу студенттер үшін үлкен тәжірибе.
Семинар барысында 4-курс студенттеріне «Дарынды, талантты балалармен жұмыс», «Формативті бағалауға арналған критериалды бағалау тапсырмаларын құрастыру», «Белсенді оқыту әдістерін қолдану», «Сабақ жоспарлау» тақырыптарында семинар-тренингтер ұйымдастырылды. НЗМ туралы, оның миссиясы мен құндылықтары жайлы, оқушыларды қолдау мен әрбір оқушының дарыны мен талантын ашуға жетілдіру мен дамыту бағытында жүргізілетін жүйелі жұмыс туралы, ондағы шет тілінің рөлі жайлы жан-жақты баяндалды.
Семинар барысында студенттер өздері шынайы оқушы рөлінде тапсырмаларды орындау, қолданылған белсенді оқыту әдістерінің ынталандыру, коллаборативті жұмысқа, нәтижелі оқуға қол жеткізуге жұмылдыру амалдарын практикада сынап көрді. Кері байланыс барысында оған оқушы және мұғалім тұрғысынан баға беріліп, қысқа мерзімді сабақ жоспарлауды жүзеге асыру көрсетілді. Тәжірбие алмасу барысында оқу мақсатын нақтылау мен анықталған мақсатқа қол жеткізу үшін қолданылатын жұмыс түрлерін, әдіс-амалдарды жоспарлаудың маңыздылығы айтылды.
Дуалды оқытудың бір элементі ретінде қолданылып отырған «Арнайы дәріс оқушы-лектор» жобасы әлі де жалғасын таппақ.