Республика күні құтты болсын!

2131

Әр мерекенің тарихи сипаты мен рухани қуаты болатыны мәлім. Тарихы мен тағлымы терең, рухани қуаты мығым мерекелердің қатарына Республика күні жататыны айдан анық. Он үш жыл бұрын тойланып, қазіргі таңда жұрттың жадынан өшіп, есімізден шыға бастаған мәртебелі мерекеміздің ортамызға қайта оралуы кім-кімді де қуантқаны сөзсіз.

Республика күнінің Ұлы Тәуелсіздік мерекемізбен бірдей аталатыны оның тарихи салмағын танытса керек. Өйткені 1990 жылы 25 қазан күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданып, тарих сахнасына Қазақстан атты егемен елдің шаңырағы көтеріліп, өзге елдермен терезесі тең өмір сүре бастады. Осы күннен бастап кез-келген қазақстандық өз жерінде, өз елінде еркін өмір сүруге, елінің болашағы үшін қажыр-қайратын аямастан адал қызмет етуге мүмкіндік алды.

Бүгінгі таңда тәуелсіздіктің отыз бір жылы артта қалды. Қандай биікті бағындырдық, қандай жетістікке қол жеткіздік деген келелі мәселеге келешек ұрпақ өз бағасын бере жатар. Ең бастысы тәуелсіздіктің туын мығым ұстап, келешектің көкжиегіне батыл қадам жасап келеміз.

Еліміздегі білім мен ғылым кеңістігінде қазақстандықтар әлемдік биік деңгейдегі оқу орындарымен иық тіресе жұмыс істеп, небір озық технологияларды меңгеруде. Жыл сайын еңбек нарығына қосылып жатқан жас мамандар білім ордасында алған білімдерін нақты тәжірибеде қолданып, ел экономикасының дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Демек, құрметті әріптестер, біздің маман даярлаудағы қажырлы еңбегіміз республикамыздың ірге тасының бекуіне және оның тәуелсіз ғұмырының баянды болуына ықпал ететін бірден-бір көрсеткіш деп білемін.

Мемлекет жетістігі мұнымен шектелмесі анық. Қаншама ілкімді істер атқарылғанымен, алда одан он есе көп бастамалар күтіп тұрары сөзсіз. Өйткені қоғамдық даму бір орнында тұрмайды. Ол үнемі даму үстінде болуы тиіс.  Сондықтан елдігіміз еңселі, тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болсын дейтін болсақ, онда кез-келген Қазақстан азаматы ұрпақ алдындағы өз жауапкершілігін сезіне отырып, білімде де, ғылымда да, еңбек орынында да аянбай тер төгуі тиіс.

Құрметті әріптестер, студент жастар, жалпы қазақстандықтар! Сіздерді осындай айтулы мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Құттықтай отырып, әр шаңыраққа бақыт пен береке, шаттық пен қуаныш тілеймін. Әр үйдің табалдырығын аттаған тәуелсіздік шуағы кемел келешектік жаршысы болсын деп тілеймін. Барлықтарыңыз бақытты болыңыздар!

Құрметпен, Дулати университетінің академиялық қызметі
бойынша проректоры, ректордың міндетін атқарушы
Гүлвира Мұсабекова

Прочитано 665 раз
Top