Қоғамдық мәселелер назарда болады

Қоғамдық мәселелерді шешудің тиімді жолы – оған дер кезінде назар аудару. Халықпен кері байланыс қашанда қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан туындаған осындай міндеттерді орындау мақсатында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде қоғамдық қабылдау кабинеті ашылды.

Жоғары оқу орындарының контингентінің басым бөлігін студенттер құрайтыны түсінікті. Ал жастардың проблемасы – әлеуметтік көңіл күйге әсер ететін қоғамдағы түйткілдердің бірі. Әсіресе, студенттердің жайы алаңдатады. Өйткені, білім алып, маман иесі атанам деген жасқа сапалы білім алуы үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Ал туындаған мәселелерге дер кезінде назар аударып отыру қажет.

Университет жанынан іске қосылған қоғамдық қабылдауларда профессор-оқытушылар мен қызметкерлер, білім алушылардың өтініш-сұрақтары тыңдалады. Туындаған сауалдарына немесе ұсыныстарының шешімін табуға көмектесу, ғылым және жоғары білім саласындағы жобаларды іске асыруды үйлестіру т.б. мәселелер қаралады. Сонымен қатар, студенттермен, ұжыммен, қоғаммен тұрақты жұмыс істейтін байланыс арналары құрылады.

Қоғамдық қабылдауды университет ректоры басқарады. Ол өз жұмысын Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы Ахуалдық орталықтың басшысымен бірлесе үйлестіреді.

Бұл ретте бір нәрсені ескерген жөн, қоғамдық қабылдауда тек шағымдар ғана қабылданбайды. Өз идеяларын айтқан, ойлары мен ұсыныстарын ортаға салған студенттер мен профессор-оқытушылардың да бастамалары тыңдалып, қолдау табатын болады. Қоғамдық қабылдаудың негізінде ақпараттық қолдау орталығы, контент-фабрикасы, әлеуметтік зерттеу орталығы ашу көзделуде.

WhatsApp Image 2022 09 28 at 18.48.25

Прочитано 610 раз
Top