Тараз қаласындағы Жастар аллеясының Білім алаңында облыстағы іргелі оқу орны М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 2022 жылғы үздік түлектеріне диплом тапсыру салтанаты өтті.
Диплом тапсыру кешін облыс әкімі Н.Нұржігітов арнайы қатысып, білім-ғылым жолында үздік шыққан бітіруші түлектерге сәт-сапар тіледі. Өңір басшысы магистр дәрежесін иеленген 20 түлекке үздік үлгідегі диплом тапсырды.
Сондай-ақ өңірімізге белгілі тұлғалар, ғылым жолындағы есімі белгілі ғалымдар үздіктерге диплом тапсырды. Атап айтсақ, Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров, облыстық маслихаттың хатшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков,тарих ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық Тараз инновациялық-институтының бірінші проректоры Асқар Абдуалы,техника ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық инжинерлік академиясының академигі, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі, ҚР Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Сағат Жүнісбеков бакалавр дәрежесін алған 265 үздік бітірушіге диплом тапсырды.
Кешке арнайы шақырылған қонақтар, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің үздік дипломмен бітіруші түлектері, профессор оқытушы құрамы, БАҚ өкілдері қатысты. Белгілі әнші Сиви Махмуди, Асан Пердешов тағы да басқа эстрада әншілері әннен шашу шашты.
Айта кету керек, бүгінде М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде 15113 студент білім алуда. Соның 4 572-сі биыл қолға диплом алып, үлкен өмірге қанат қақты.