ОҚУ ЖЫЛЫНДАҒЫ ТОЛАЙЫМ ТАБЫСТАР

Міндеті айқын, жоспарға толы кезекті оқу жылы аяқталды. Өткен оқу жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті үшін маңызды оқиғаларға толы болды. Ең алдымен, оқу ордасы тәуелсіз халықаралық аккредиттеуден өткенін – осы оқу жылындағы негізгі қолжеткізген жетістіктері екенін атап өткен жөн.

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте университеттің Басқарма Төрағасы - Ректоры Талғат Ешенқұлов айтып өтті. БАҚ өкілдеріне өткен оқу жылында атқарылған жұмыстар жайлы баяндаған Талғат Ілиясұлы журналистер қойған сұрақтарға ашық жауап берді.

Дулати университетінің өткен оқу жылында қол жеткізген жақсы жаңалықтарының бірі – 2027 жылға дейін 5 жылға білім беру қызметін жүзеге асыру, сондай-ақ студенттерді, магистранттарды және докторларды даярлау үшін институционалдық аккредиттеу сертификатын алғаны болып тұр.

– Біз өткен оқу жылында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік. Ең маңызды қабылдаған шешіміміз – оқу жүктемесін 680 сағатқа дейін қысқарта отырып, педагогикалық қызметкерлердің жалақысын 42 пайызға арттыруға қол жеткізгеніміз. Бұл өзгеріс профессор-оқытушылар құрамының ғылыми қызметпен айналысу мүмкіндігі мен уақытын арттыруды көздейді.

Өткен оқу жылында, яғни 2021 жылғы қабылдау науқанының нәтижелі жұмысының арқасында білімді, үздік талапкерлерді оқуға қабылдап, студенттердің үлкен контингентін қалыптастыра алдық. Бұл университет үшін маңызды көрсеткіш. Университетке 5000-нан астам білім алушы (5165 білімгер) қабылданды, бұл өткен жылдың деңгейінен 503 білімгерге көп.

Атап айтқанда, күндізгі оқу бөліміне 3261 студент қабылданды. Оның ішінде: 915-республикалық бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттарының иегерлері, оның 49-ы алтын белгі иегерлері, сондай-ақ әлеуметтік қолдауды қажет ететін топтағы отбасылардың үміт еткен ұл-қыздары бар. Тағы17-і жергілікті бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік грант иегерлері, - деді Талғат Ілиясұлы.

WhatsApp Image 2022 07 05 at 16.34.36

Әр жылы университет студенттері еңбектеріне лайық әртүрлі қорлардан, мемлекеттік ұйымдар мен бизнес құрылымдардан Президенттік шәкіртақы немесе оқу гранттарын алатыны белгілі. Соңғы үш жылдың қорытындысы бойынша Дулати университетінің 243 студенті Президенттік шәкіртақысына  ие болды. Сондай-ақ KAZENERGY қауымдастығынан техникалық дайындық бағыты бойынша 137 білім алушы оқуға грант алғанын атап өткен жөн.

«Білім алушылар контингенті құрылымының сапалық құрамын қалыптастыру бойынша айтарлықтай жұмыс атқарылды. Өзгерістер білім алушылардың жалпы санындағы күндізгі бөлім үлесінің 8,6 пайызға, сондай-ақ грантта оқитын білім алушылар санының 305 адамға артқанын атап өткен жөн, бұл мамандарды неғұрлым сапалы даярлау үшін қажет десек болады. Бұл жұмыс қазір де жалғасуда», - деп атап өтті университет ректоры.

Жаңа оқу жылында Дулати университетінде өңір үшін әзірленген 172 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярланатын болады. Атап айтсақ, бакалавриаттың – 88, магистратураның –73, докторантураның 10 білім бағдарламасы әзірленген. Былтыр да әзірленген бағдарламаның бәрі өзектендіріліп, жаңартылған болатын. Соның нәтижесінде тиісті министрлікте 16 жаңа бағдарлама тіркелген еді.

Оқу орнында бірнеше жылдан бері «Қос дипломды» бағдарламасы жүзеге асырылып келе жатқаны белгілі. Биыл осы бағдарлама аясында Браганса политехникалық университетімен (Португалия) бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Корпоративтік ақпараттық жүйелер және технологиялар»білім беру бағдарламасы бойынша магистранттардың алғашқы түлектері бітіріп шықты. Дулати университеті жаңа оқу жылына осы қос дипломдық бағдарламаларға түсетін студенттердің санын көбейтуді жоспарлап отыр.

Жалпы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің жарғысына сәйкес, университеттің басқарма төрағасы-ректоры оқу орнында  атқарылған жұмыстары туралы жылына 2 рет халық алдында есеп береді. Бүгінгі БАҚ арқылы берген есебінде университет ректоры өткен оқу жылында атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.

Бұл – өңірлік университеттің кезекті оқу жылында қол жеткізген табыстарының бір парасы ғана. Ғылымды, жас зерттеушілердің ғылыми жобаларын қаржыландыру, оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында қыруар шаруа атқарғанын айту керек. Халықаралық байланыстарды нығайту, жас ғалымдардың тәжірибе алмасуы, тағылымдамадан өтуі секілді мәселелер де  оңтайлы шешімін тапты.

Прочитано 857 раз
Top