Орталық референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде өткен жиынға қатысты. Бірқатар учаскелік референдум комиссиясының жұмысымен танысты.
Жиынға Облыстық референдумды қолдау тобының мүшелері де қатысты. Кездесуде 5 маусымда өтетін маңызды шараны ұйымдастыру мен өткізу мәселелері сөз болды.
Орталық референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман референдумға шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан байқаушылар қатыса алатынын қозғады. Шетелдік ақпарат құралдарының өкілдеріне де есік ашық екенін айта келе, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың аккредиттелген байқаушыларына орталық комиссия белгілеген үлгідегі аккредиттеу куәлігі берілетінін атап өтті.
Бір анық мәселе, референдум нәтижесі – халық шешімі. Бұл ел тарихында лайықты орын алар үлкен бетбұрыс болатыны сөзсіз. Себебі, халықтың таңдауы ең жоғарғы заңдық күшке ие болады: ел қолдаса, Қазақстанның жаңарған Конституциясы қолданысқа енеді.
Ендеше, баршамыз 5 маусым күні азаматтық ұстанымымызды танытайық!