Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасында қарастырылған өзгерістерге байланысты таңдау жасау жауапкершілігі – халықта. Сондықтан 5 маусымда өтетін референдумда тұрғындар азаматтық белсінділіктерін танытуы тиіс. Себебі саяси реформа – елдегі үлкен өзгерістердің бастауы.
Қазір барлық өңірде 5 маусымда өтетін республикалық референдум өткізуге байланысты түсіндіру мен дайындық жұмыстары жүргізілуде. 19 мамыр күні М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде, «Ақпараттық технологиялар» факультетінде «КОНСТИТУЦИЯ – 2022: Жаңарудың жүйелі жолы!» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
«Қолданбалы математика және статистика» кафедрасы ұйымдастырған дөңгелек үстелге референдумды қолдау жөніндегі облыстық қоғамдық штабтың төрағасы, экономика ғылымдарының кандидаты, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Амангелді Кәрентаев және ардагер журналист Тұрсынхан Толқынбайұлы қатысты.
Штаб төрағасы А.Карентаев басқосуда Конституцияға енгізілетін толықтырулар мен өзгерістер туралы нақты түсіндіріп берді. Ардагер журналист Т.Толқынбаев өз сөзінде жастарға жаңалықтарды сенімді ақпарат құралдарынан оқып-білу керектігін және болашақ білімде екендігін айтып өтті.
Оқытушылар мен студенттер сұрақтар қойып, ой-пікірлерін айтып, референдумға байланысты маңызды мәселелер талқыланды.
Нәтижеде әрбір қатысушы референдумның Жаңа Қазақстанды құрудағы маңызды рөлін түсініп, таңдау жасауға дайын екендіктерін жеткізді.