Қай кезеңде де өзгермейтін бір қағидат бар. Ол – қорғаны мықты елдің рухы асқақ, іргесі берік болатындығы. Сол себепті де елді қорғау дейтін міндет әу бастан абыройлы әрі мәртебелі саналады. Парасат-пайымымыз, бәс-бағамыз жоғары болуымен бірге, бізге қуатты армия қажет. Тәуелсіздіктің тұғыры биік, ел қауіпсіздігі мығым болуы үшін де білімді, білікті мамандарға сенім артамыз.
7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде ұйымдастырылған салтанатты жиында жалпы қоғамда ер азаматқа артылатын сенім мен жауапкершіліктің үлгісі көрініс тапты. Арнайы жасалған бейне-роликтерге де елге қорған болар ерлерге деген құрмет пен сыйластық арқау болды.
Салтанатты жиын соңында ректор Талғат Ешенқұлов мереке иелерін құттықтап, жылы лебізін жеткізді. Қазақ қашанде ер азаматты жоғары қойып, ел қорғаны, шаңырақ иесі деп құрметтеген. Қашанда үлгі болуға лайық ұжым жігіттерінің өз ісіне жауапкершілікпен қарап, маман даярлауға атсалысып жүрген өлшеусіз еңбегін атап өтті. Ұйымшылдығы жоғары, үлкен ұжым екендігінің тағы бір дәлелі болған концерттік бағдарлама жасап, мерекелік көңіл күй сыйлаған аруларға алғыс білдірді.
Дулати университетінің қызметкерлері мен оқытушыларының әзірлеген концерттік бағдарламаға үлкен шығармашылық ізденіспен дайындалған екен. Оқытушылардан құрылған трио, жекелеген әншілер мереке иелеріне тамаша тарту жасады. Ән шырқап, тамаша мерекелік көңіл күй сыйлады.
Медиа-қызмет.