Мұғалім тапшы өңірлерге үздік мамандар барады

Өңірлер арасында маманмен қамту ісінде де диспропорция бар екені жасырын емес. Осы түйткілдің шешімін табу үшін 2022-2027 жылдарға арналған «Мұғалім тапшы өңірлерге үздік педагогтарды тарту» арнайы бағдарламасы қабылданбақшы. Бұл бағдарлама арқылы педагогтарға қандай жеңілдіктер жасалады? Әлеуметтік қолдау шаралары қалай жүргізіледі? Жалпы белгіленген мерзімде бағдарлама өз жемісін беріп, мықты маманға деген сұранысты толық өтеу мүмкін бе? Осы және бағдарламаға қатысты туындаған басқа да сұрақтар бойынша М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Ұстаз» институтында қоғамдық талқылау өтті.

Білім және ғылым министрлігінің және облыс әкімдігінің білім басқармасының мамандары оқытушы-профессорлар құрамы және болашақ педагогтармен кездесті. Министрліктің Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің педагогикалық кадрлармен жұмыс жөніндегі жетекшісі Айман Дюсембаева, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің құқықтық жұмыстар бойынша бөлім басшысы Райхан Қыдырбаева бағдарламаның қандай мүмкіндіктерге жол ашатынын, әлеуметтік тұрғыда қандай қолдаулар көрсетілетінін түсіндірді. Оқытушылар қойған сұрақтарға жауап берді.

2

Жалпы елімізде  «Педагог мәртебесі» туралы арнайы заң қабылданғалы бері мұғалімдердің жалақысы көтеріліп, әлеуметтік қолдау шаралары қолға алынғаны белгілі. Сонымен қатар, педагогикалық бағытта оқитын студенттердің шәкіртақылары екі есе артты және келесі оқу жылынан бастап тағы 25 пайызға артады деп күтіліп отыр.

Міне осы оң өзгерістер білім сапасының артуына ықпал етіп отыр десек, артық айтпаймыз. Оның ішінде педагог мәртебесін айқындаған арнайы заң да ұстаздардың алаңсыз білім беруіне жол ашты. Ендігі мәселе – маман тапшы өңірлердегі жағдайды реттеуге келіп тіреледі. Салалық арнайы бағдарлама қабылдау қажеттілігі содан туған.

Кездесуде министрліктен келген өкілдер арнайы бағдарлама жобасын әзірлеу кезінде өңірлердегі педагогтердің тапшылығын анықтау бойынша талдау жүргізілгенін айтты. Мамандар талдау нәтижесінде Қазақстанның Атырау, Түркістан, Алматы, Маңғыстау – осы 4 өңірде мұғалімдер тапшылығы барын анықтаған. Сондай-ақ, математика, физика, химия, орыс тілі мен әдебиеті, шет тілі сынды пәндерден сабақ беретін ұстаздар аз екені белгілі болған. Олар осы айқындалған проблемалардың шешімін табу үшін арнайы бағдарлама қабылданып, мұғалімдер тапшылығы байқалған өңірлерге үздік педагогтерді тартудың тиісті қолдау шаралары жүргізілетінін түсіндірді.  

111
221
Прочитано 976 раз
Top