«Кітапханаға қонып, сол жерде түнімен кітап оқитынмын»!

23 сәуір- дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні қарсаңында 1-курс Конвергенттік журналистика мамандығының ұйымдастыруымен "Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста!" тақырыбында ақын, журналист Нұржан Қадірәлімен әдебиет әлеміне рухани саяхат болды.

Кездесу кітапхана қызметкерлерінің түрлі жанрдағы кітап қорларын оқырман қауымға таныстыруымен басталды. Кітапсүйер қауым өздерінің санасына саңылаудай болсын сәуле түсірген сүйікті кітаптары жайлы ой бөлісіп, бір-біріне кітап тарту етіп, игі іс жасады.

Дулати университетінің түлегі – Нұржан Қадірәлімен кездесуге көптеген білімгерлер мен оқытушылар қатысты. Олар өз сұрақтарын қойып, есте қалар тәтті естеліктерін баяндады. Сұрақтардың басым бөлігі ақынның шығармашылығы жайында болды. Әсіресе конвергенттік журналистика студенттері сан алуан сұрақтарын жаудырып, болашақта Нұржан аға сияқты өз ісінің маманы атанғысы келетіндіктерін білдірді. 

2

Конвергенттік журналистика 1-курс студенті Лесбек Диананың "Өлеңдеріңіздің көбі неліктен махаббат жайлы?",-деген сұрағына "Махаббат адамды есейтеді",-деп жауап берген ақын мына дүниенің махаббатсыз бос екенін айтты. Бәрінен бұрын, мен Нұржан ағаның бала кезіндегі кітапқұмарлығына таңдандым. "Кітапханаға қонып, сол жерде түнімен кітап оқитынмын. Таңертең күзетші мені көргенде шошып кететін",-деп жас ақын кітаптың өз өміріндегі айрықша орынын хабарлады. Ақын күніне 1-2 сағатын кітап оқуға арнайтынын жеткізді.  Бұл сөздерінің ақиқат екендігіне ақынның сөз саптауы мен тіл байлығы бұлтартпас айғақ болып тұр. Ақын өлең жазуда шабытқа тәуелді емес екенін, кез-келген уақытта қолына қаламын алып, қағаз бетіне өлең жолдарын түсіре беретінін жеткізді. Журналист "Жүрек өрті" атты авторлық кітабын терең біліммен сусындап жүрген студенттерге өз қолтаңбасымен сыйға тартты.

Нұржан Қадірәлімен жүздесу баршамызға керемет әсер қалдырды. Поэзия жайлы біраз сыр шертіп, көңіліміз көтеріліп, рухани дамып қайттық.

Ұлжан АБУОВА,

Конвергенттік журналистика мамандығының 1-курс студенті.

Прочитано 945 раз
Top