М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде робототехникадан ІІІ облыстық жарыс ұйымдастырылды. Байқауға 29 мектеп пен колледждерден 125 қатысушы бақтарын сынады.
Байқау оқушылардың жас ерекшелігіне сай шеңбер бойымен жарысу, кегельринг квадро, роботты құрылғыларды ерекше нұсқалары бойынша жасау номинацияларымен өтті.
– Жалпы байқауды ұйымдастырудағы мақсат орта және жоғары білім беру жүйесіне, яғни оқушылар мен колледж студенттері арасында ғылыми-техникалық прогрестің, оның ішінде робототехниканың жетістіктерін насихаттау. Кәсіптік жұмыстарға баулу, сонымен қатар техникалық мамандыққа деген оқушылардың қызығушылықтарын арттыру болып табылады. Қатысушыларға алдын ала хабарландыру жіберіліп, дайындық жұмыстарына 2 ай көлемінде уақыт берілді. Барлық командалар мен жекелей қатысушылардың дайындығы бірінен-бірі асып тұр. Жүлделі орындарды анықтау қиындық туғызуы мүмкін. Дегенмен әділ-қазы алқалары жұмыстың барысына, қоғамдық пайдасын өте қатты мән береді. Бұл университетімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған байқау емес. Жарысқа Жамбыл облысы, Тараз қаласы бойынша өтініш берген білім беру орталықтарының барлығы бақ сынай алады, дейді жоба ұйымдастырушы Айман Абильдаева.
Байқауға түрлі роботтар мен туған жерге пайдалы жобалар ұсынылған. Солардың бірі Дарын мектеп интернатының 10-сынып оқушылары Алихан Закиров пен Бекасыл Дүйсенбаев «Тараз қаласының болашақ келбеті» атауымен Айша-бибі мен Қарахан баба бағытындағы аспалы жолдың жобасын ұлттық құндылықтарымызды және қоғамның қауіпсіздігін алға қоя отырып жаңа жобаны құрастырған.
– Бастысы шет елден туристерді тарта отырып оларға өңірімізді таныстыру, сол арқылы еліміздің туризм саласын одан әрі дамытуға үлес қосу дейді жұмыстарын таныстырған үздік оқушылар.
Көпшіліктің көңілінен шығып, көздің жауын алатын «Тараз қаласының болашақ келбеті» жобасы біраз мүмкіндіктерге жол ашатыны көрініп тұр. Себебі соңғы жылдары елімізде жол-көлік оқиғасымен көптеген апатты жағдайлар орын алуда. Сондықтан машиналарға арнайы магниттік индукциясы жасалынған, бұл арқылы екі көлік бір бағытта келе жатқанда магниттік күш өздігінен арақашықтықты іске қосады. Жаяу жүргіншілер үшін де арнайы қондырғылар орнатылған. Ең бастысы жол бойына су шашатын автоматтандырылған каналдар қойылған. Осындай ерекше үлгіде жасалған жобаны жасау үшін оқушылар бар болғаны 15 күн уақытын жұмсаған.
Байқау қорытындысы бойынша «Шеңбер бойымен жарыс» номинациясымен 1-орынды Жамбыл Мағжан, Шаяхмет Мирас - Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталығы иеленді. 2-орынды Файзулла Сәкен Ерданұлы, Ақан Біржан – Жамбыл ауданы, Аса ауылы, Б. Момышұлы мектебі алса, 3-орынды Бекжан Мансұр, Амангелді Даниал - Қ. Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназиясы еншіледі.
«Кегельринг» номинациясында 1-орынды иеленген Лазарь Колпаков – Техникалық шығармашылық орталық (ТК) жүлдегер атанды. 2-орынды Жанерке Қалдыбек, Нұрасыл Қапаров – Байзақ ауданы, Базарбай ауылы, Пушкин атындағы орта мектебі алды. 3-орынды Руслан Гареев, Андрей Сбиральников №18 орта мектебі (КММ) иеленді.
«Ерекше роботтар номинациясы» бойынша 1-орынды Байзақ ауданы, Базарбай ауылы, Пушкин атындағы орта мектебі Ақын Нұрғалым жүлдегер атанды. 2-орынды Жамбыл атындағы №5 мектеп – гимназиясының оқушысы Шынар Абдиариф иеленді. 3-орынды Бибарыс Жолдасбек, Нұрбай Асылжан – Бурыл мектебі еншіледі.
Байқауға бақ сынаған әр қатысушы жеңімпаз! Жас та болса ойлаулары мен техниканы жетік меңгере алу үлкен жетістік. Барша жеңімпаздарды құттықтаймыз!
Медиа-қызмет.