Арнайы санаттағы студенттерге әлеуметтік қолдау қарастырылған

Жалпы нарықтағы бағаның құбылмалығы көптеген әлеуметтік мәселелердің туындауына себеп болып отырғаны түсінікті. Өңірлердегі әлеуметтік теңсіздік мәселесі – түйткілдердің түйініне айналған. Бұл өз кезегінде жоғары білім беру ісіне де әсер етпей қалмайды. Сондықтан М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде арнайы санатқа жататын отбасынан шыққан студенттерге әлеуметтік қолдау түрлері қарастырылған. Нақтырақ айтсақ, оқу ақысын төлеуде озат, талантты білім алушыларға жеңілдіктер беріледі.

Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы-ректор Талғат Ешенқұлов «Ұстаз» институтының АКТ залында өткізген жұртшылықпен кездесуінде Тараз қаласының тұрғыны Перизат Маратқызының «Жаппай қымбатшылық оқу ақысының өсуіне де әкеліп соқпай ма, көпбалалы отбасынан шыққан студенттерге қандай жеңілдіктер қарастырылған?» деген сауалына орай берген жауабында осыны айтты.

Жиынға оқытушы-профессорлар құрамы, ата-аналар, студенттер, өңір тұрғындары, жалпы саны 80 адам қатысты. Оқу орнының материалдық-техникалық базасы, ғылыми зерттеу жұмыстары үшін берілетін гранттар туралы, жалпы қоғамдағы, облыстағы өзекті мәселелерге байланысты қойылған сұрақтар саны – 20-ға жуық. Оның ішінде талапкерлерді тарту мақсатында оқу ақысында қарастырылған жеңілдіктер жайлы білгісі келген жастар көп болды.

1212

Талғат Ілиясұлы ата-аналар тарапынан оқу ақысына қатысты қойылған сұрақтарға кеңінен қамтып, жауап берді. Ректор өз сөзінде білім-ғылымға құштар жастарған қашанда қолдау көрсетілетінін, жас зерттеушілерге ғылыммен айналысуға барлық мүмкіндіктер қарастырылғанын атап өтті. Жас ұрпақтың белгілі бір маман иесі атанып, еңбекпен қамтылуы – ертеңгі тұрақты табыстың кепілі болатынын тілге тиек етті. Университеттің стратегиялық жоспары мен даму жоспарлары да айтылмай қалған жоқ.

Жалпы «М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жарғысына (18 бөлім, 23 тарауына) сәйкес университеттің басқарма төрағасы-ректоры жыл сайын оқу орнының стратегиялық жоспары және даму жоспары бойынша басқару органдары мен жұртшылық алдында есеп беріп, кездесу өткізетіні мәлім. Еліміздегі, оның ішінде өңірдегі қалыптасқан жағдайға байланысты ахуал біршама тұрақтанғанға дейін ректордың жұртшылықпен кездесу уақыты біршама кейінге шегерілген болатын. Әйтсе де, қоғамдағы орын алып жатқан жағдайлар мен ертеңгі болатын өзгерістер жайлы жұртшылыққа, әсіресе, жастарға түсіндіру үшін жиынды әріге созбай, 21 қаңтарға белгіленген еді.

Қазіргі кезде қоғамдағы түйткілді мәселелер, көпшілікті толғантқан сауалдар көп туындап отырғаны түсінікті. Кездесуде жалпы өңірдегі қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты сауалдар да қойылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11 қаңтар күнгі Парламент Мәжілісінде жасаған мәлімдемесінен кейін туындаған мәселелер де сөз болды.

Прочитано 829 раз
Top