Қазіргі жастарды не қызықтырады? Журналист мамандығын таңдаған студенттер мен осы салада еңбек етіп келе жатқан аға буынды бір ортаға тоғыстыратын ортақ құндылықтар бар ма? М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен Қазақстан журналистер одағының облыстық филиалы ұйымдастырған ардагер журналист Жаңабай Миллионовпен өткен кездесу кешінде осы сауалдардың жауабын тапқандай болдық.
Бұл іс-шара Қазақстанның Құрметті журналисі, облыстық «Ғұмыр дария» газетінің бас директоры-редакторы, ардагер қаламгердің 70 жас мерейтойына орай ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн. Кездесу модераторы Қазақстан журналистер одағының облыстық филиалының төрағасы Дәулет Төленді кей жағдайда талапқа көнбейтін, «айтқанмен» жүрмейтін журналистердің жүздесуінің өзі ешқандай сценарийге сыймайтынын, сондықтан еркін форматта, айтылар әңгіме ауанына қарай өрбитінін атап өтті.
Шынтуайтында, кездесуде әңгіме өте еркін өрбіді. Жастар да жалыққан жоқ. Аға буын да тыңдайтын жас буын табылған соң еркін көсілді. Модератор мен мерейтой иесі арасындағы диалог та жеңіл әрі мағыналы жалғасып отырғанын айту керек. Атақты құсбегі, белгілі натуралист, Қазақстанның Құрметті азаматы Жапар Сатылғанов, ардагер журналист Болат Жапаров замандастарының журналистік қыры туралы әңгімеледі. Дулати университетінің «Филология және журналистика» кафедрасының доценті, ф.ғ.к Темірбай Мұқашев пен аға оқытушы Бақытжан Мақашов мерейтой иесін құттықтап, оқу орнының атынан Жаңабай Миллионовқа шапан жауып, құрмет көрсетті. Сондай-ақ ақын Үміт Битенова өз лебізін білдірсе, айтыскер ақын, журналист Есет Досалы арнауын жырмен жеткізді. Қазақстан журналистер одағының облыстық филиалы төрағасының орынбасары, «Жамбыл Тараз» газеті редакторының орынбасары Саятхан Сатылғанов ізгі тілегін айтып, сый-сияпат жасады.
Кездесуде журналист Жаңабай Миллионовтың «Даналық мектебі» атты жаңа кітабының лентасы қиылды. Автор өз қолтаңбасымен ұсынған туындыдан студенттердің ой түйер тақырыптар табары сөзсіз. Жалпы мерейлі жасқа зор мереймен, үлкен абыроймен жеткен азаматпен кездесуден болашақ жас мамандар көп нәрсені көкейге түйгені анық.
Журналист үшін тәжірибе аса маңызды. Әрине, терең білім – бірінші орында. Алайда, қалам иесіне көппен сөйлесіп, ел арасында жүрудің де пайдасы көп. Осы тұрғыдан алғанда болашақ мамандарға аға буынмен байланыс орнату өте қажет.
Жалпы еңбек нарығында журналистика саласында сұранысқа ие мамандарды даярлап отырған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін – бүгінде өңір журналистикасының үлкен мектебі десек, артық айтқандық емес. Олай дейтініміз, қазір аймақта еңбек етіп жүрген мықты мамандардың біразы осы оқу орнын бітірген. Сондықтан, оқытушылар да, болашақ журналистер де аға буынмен осындай кездесулер жиі ұйымдастырылып тұрса деген тілекте.