АЛҒЫС АЙТУ – ІЗГІЛІК МЕРЕКЕСІ

Көктемнің басы – наурыз айының өзі ізгілікке үндейтін атаулы күннен басталады. 2016 жыл күнтізбемізге тағы бір мереке – Алғыс айту күні қосылғаны есте.

1 наурыз – күнтізбедегі қатардағы атаулы күндердің бірі емес. Бұл күн тарихты жаңғыртуымен мәнді. Зұлмат жылдардың зардабын тартқан ұлт пен ұлыстың қазақ халқына деген риясыз ризашылығын білдіретін күн.

Жалпы алғыс деген сөздің өзі жанға жылу береді. Сондықтан болар, осы күн бірден санамызға сіңіп, жалпыхалықтық мерекеге айналды.

Бұл – ұлтымыздың өткенін таразылап, бүгінін бағалауға шақыратын күн. Өткенді саралауға, болашаққа бағдар түзеуге, келешекке ой жүгіртуге мүмкіндік береді. Қазіргідей алмағайып заманда, әлемдегі геосаяси ахуал ушығып тұрған кезеңде айтар сөзіңді салмақтап, болып жатқан жағдайларға ашық санамен қарау аса маңызды. Ал әр кезеңде орын алып жататын осындай түрлі жағдайларды дұрыс саралап, оң ой түю үшін де «Алғыс айту күні» секілді атаулы мерекелер қажет.

Бүгінде М.Х. Дулати атындағы университетте 17 мыңға жуық студент білім алып, 1000-нан аса профессор-оқытушылар қызмет атқаруда. Өңірдегі іргелі оқу орнында түрлі өзге ұлттың өкілдері бір шаңырақтың астына топтасқан. Университетімізге арман қуып келіп, алдына нақты меже қойып білім алып жатқан өзбек, тәжік, түркімен, әзербайжан, татар, ұйғыр, шешендер мен чуваштар ингуштар мен дүнгендер, корейлер, қытай, грузин, грек, тағы да басқа 33 ұлттың ұрпағын бір ғана ортақ мақсат біріктіріп отыр. Ол – білім алып, білікті маман атанып, елге  қызмет ету деген тілек.

Баршаңызды көктеммен бірге келген ізгілік мерекесі – 1 Наурыз Алғыс айту күнімен құттықтаймын. Жас ұрпаққа білім және тәрбие беру жолындағы өлшеусіз еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін.

Талғат Ешенқұлов,
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы-ректоры.

Прочитано 1072 раз
Top