Көп жағдайда аға буынның кейбірі жастарды кінәлауға дайын тұратыны жасырын емес. Мұндайда өткен кезең мен бүгінгі жағдайды салыстыратындар көп. Әйтсе де, кейінгі толқынның бәрі ойсыз, жігерсіз емес. Олардың қазіргі қоғамдағы түйткілдерді ашық алаңда талқыға салғаны – соның бір көрінісі.
«Фемида» жастар клубы мен «Qazaqstan studentter aliansy» ұйымы студенттер жастармен бірлесіп «Ашық диалог» өткізді. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің белсенділері ауыл-аймақтағы өз замандастары тап келіп отырған кедергілерді сөз етті. Жұмыссыздық жайы ашық айтылды.
Спикерлер – облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа, облыстық мәслихаттың депутаты Болатбек Уалихан Болатбекұлы, «Жастар ресурстық орталығының» «Ұйымдастыру бөлімінің» басшысы Азамат Лесбек тұрғын үймен қамтудың қандай мүмкіншіліктері бар, қоғамда жастар бос уақытын қалай тиімді пайдалануына болатынын айтып өтті. Осы мақсатта қандай бағдарламалар қабылданғанын, ол бойынша қандай мүмкіндіктер берілетінін түсіндірді.
Ашық алаңда құқықтық сананы арттыру туралы мәселелер де қозғалды. Жастардың белсенділігін арттыру жайы да сөз болды.