ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ МУЗЕЙІ ТАНЫМЫҢДЫ КЕҢЕЙТІП, ТАРИХЫҢДЫ ТҮГЕНДЕЙДІ

Мә­де­ниет қоғамдағы барлық өлшемдердің бағдары іспетті. Ал оның мәйегі – музей. Танымыңды кеңейтіп, тарихыңды түгендейді. Кешегі мен бүгініңді жалғап, ұрпақтар сабақтастығын сақтайды. Ширек ғасырға жуық тарихы бар М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің музейі де – осы міндеттің үдесінен шығып тұрған үлкен мәдени орталықтың бірі.

Бүгінде мәдени институт мәртебесіне ие болған, жастарға эстетикалық тәрбие берудің бір үлгісіне айналған музейдің тарихы үш бірдей оқу орны – Жамбыл университеті, Жамбыл гидромелиорация құрылыс және Жамбыл жеңіл және технологиялық өнеркәсібі институттары біріккен 1998 жылдан бастау алады. Өңіріміздегі жоғары оқу орнының тарихын тізіп, даму белесінен сырт шертететін ғылым мен мәдениет орталығының дизайнын елімізге еңбегі сіңген архитектор Мәлік Сапарғалиев жасаған.

WhatsApp Image 2022 01 27 at 17.37.57 2

– Музей негізгі бес залдан тұрады. Біріншісі – университетімізге есімі берілген ойшыл, тарихшы М.Х.Дулатиге арналған. Керекті, құнды деректердің бәрі бар. 1999 жылы біздің білікті профессорлар мен ғалымдар бастаған делегация Үндістанның Кашмир штатындағы Сринагар қаласындағы бабамыз жатқан жеріне барып, жамбасы тиген жерден бір уыс топырақ әкелген болатын. Ол қазір музейдің ең құнды жәдігері ретінде сақтаулы тұр. Үнді жерінен әкелген сыйлық кітаптар мен бейнетаспалар да бар, - дейді университет музейінің меңгерушісі Ақсәуле Қалабаева.

WhatsApp Image 2022 01 27 at 17.37.57 1

Ойшылдың есімімен аталатын оқу орнының оқытушыларының жолы Үндістанға екінші рет 9 жылдан кейін түсті. Университеттің сол кездегі басшысы, педагогиа ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков бастаған арнайы делегация бұл жолы Мұхаммед Хайдар Дулатидың қабірінің қайта жаңғыртылу рәсіміне қатысып қайтқан еді. Осы сапардың «куәсі» болған естелік-сыйлықтар да осы музейде сақталған.

Екіншісі - музейдің әр жылдарда оқу орнында басшылық қызмет атқарған азаматтар туралы деректер топтастырылған ректорлар залы. Ал үшінші бөлімді университеттің кешегісі мен бүгінін жалғаған аралық аракөпір деуге болады. Онда университет түлектерінің, сондай-ақ қоғам қайраткері М.Үркімбаевқа арналған бұрыштар бар. Оқу орнында оқыған, қазіргі кезде түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген Г.Абдықалықова, А.Смақова, И.Тортаев, С.Қонақбаев, Б.Жұмаділдаев, Б.Артаев, О.Сәттібаев, Б.Ыстыбаев туралы деректерді де осы жерден таба аласыз.

WhatsApp Image 2022 01 27 at 17.36.35

Халықаралық байланыс залында университеттің алыс және жақын шетелдердегі жоғары оқу орындарымен келісімшарт жасалған Меморандум» кітабы, ғылыми-мәдени байланыстардың құжаттамасы, Азия және Еуропа, Америка елдеріндегі оқу ордаларының ту белгілері, келген қонақтардың қолтаңбасы мен тілектері жазылған кітап қойылған. Мысалы халықаралық байланыстарының белгісі ретінде АҚШ-тың Фресно, Индиана университетімен келісім құжаттары, Италияның Болония қаласындағы Ұлы Хартия құрамына мүше болуы туралы келісімге қол қою рәсімінен суреттерді атап өтуге болады.

Бесінші зал халқымыздың тұрмыстық-этнографиялық мұраларына арналған. Онда өңірдегі тарихи нысандарда, археологиялық қазба жұмыстарында табылған жәдігерлер бар.

– Музей жәдігерлері жоспарлы түрде жылына бір рет инвентарлық тексеруден өткізіледі. Ал қоры сыйға тартқан мұралармен толықтырылып тұрады. Осыдан үш жыл бұрын «Музейге сый тарту» атты акция өткізіп, сол жолы қор біршама көбейген болатын, - дейді университет музейінің меңгерушісі Ақсәуле Қалабаева.

Университет музейін қоғам­ның бар саласына қажетті мәдени-ағарту, ғылыми-әдістемелік, танымдық-ұйым­дастыру жұмыстардың қайнаған ортасы десек, артық айтпаймыз. Мәдени орталық материалдық және рухани-мәдени ескерткіштердің табиғи, тарихи нұсқаларын жинақтап қана қой­май, оларды сақтап, зерттеп, насихаттап отырады.

WhatsApp Image 2022 01 27 at 17.36.33

 

Прочитано 1061 раз
Top