«ҒЫЛЫМИ ЕҢБЕКТЕРІМНІҢ ІШІНДЕ БЕС ӨНЕРТАБЫС ПАТЕНТІМ БАР»

Дәстүрлі «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2021»республикалық байқауына былтыр 76 жоғары оқу орнынан барлығы 718 үміткер өтінім беріп, бақ сынаған болатын. Конкурстық комиссияның шешімімен 45 білім мекемесінің 150 маманы үздік деп танылды. Үздік атанған жеңімпаздар арасында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің екі оқытушысы бар. Арнайы төсбелгінің иегері атанып, 2000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақы алған жоғары оқу орнындағы миллионер маманның бірі – «Мұнай, газ және тау-кен ісі» кафедрасының меңгерушісі Арман Қабдушевпен сұхбаттасқан едік.

– Арман Арыстанғалиұлы, республикалық конкурстың талаптарының бірі – үміткердің авторлық электрондық оқу ресурстары мен оқу материалдарының болуы және олардың жариялануы екен. Сіздің қандай электрондық оқу құралдарыңыз бар?

– Бұл конкурстың талаптары өте жоғары. Электрондық оқу құралдарын әзірлеу – қазіргі уақыт талабы екені белгілі әрі бұл студенттердің, жалпы білім алушының өз бетінше ізденуі үшін қажетті ресурс. Мысалы, «Мұнай, газ және тау-кен ісі» кафедрасының 6В07216- «Мұнай - газ инженериясы» білім беру бағдарламасы бойынша, яғни мұнай мен газ кен орындарын игеруді және пайдалануды меңгеріп жатқан студенттерге арналған «Ұңғыма өнімін жинау және дайындау» пәнінен оқу – бейнематериалдары мен университетіміздің платформасындағы жарияланған оқу курсы әзірленген, қазақ тілінде жазылған «Мұнай-газ саласындағы геофизика» мен «Мұнай және газ ұңғымаларын аяқтау» атты оқу құралдары және олардың электрондық нұсқалары бар.

– Халықаралық журналдарда қанша ғылыми мақалаларыңыз жарық көрді? Жалпы ғылыми бағыттағы басылымдарға мақала жариялауда кедергі бар ма?

– Жалпы 40-қа жуық еңбегім бар, соның ішінде Scopus базасына кіретін журналдарда – 5, Білім және ғылым министрлігі білім және ғылым саласындағы бақылау комитетініңтізіміндегі журналдарда - 5, халықаралық конференциялардың материалдарында - 5 мақала жарияланған.

Халықаралық деңгейдегі басылымдарға мақала шығаруға ешқандай кедергі жоқ. Керісінше университетімізде ғалымдардың еңбектері Scopus базасына кіретін журналдарда жариялануын қарқындату мақсатында зерттеулер мен халықаралық байланыстар жөніндегі проректорымыз Данияр Нұрмахамбеттің бастауымен өте қолайлы жағдайлар жасалуда. Мысалы, мақалаңызды дайындасаңыз, қажетті журналды тауып, мақалаңыздың құрлымын журналдың талаптарына келтіріп, ағылшын тіліне аударып, тегін жариялануына ықпал етеді.

Әр конкурстың өзіндік талап-ережелері болатыны белгілі. «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауының жеңімпазы қайтадан осы конкурсқа қатыса ала ма, қатысса қанша жылдан кейін?

– «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауының жеңімпазына араға біраз жылды салып, қайта бақ сынауына мүмкіндік берілген. Бұл мерзім менің білуімше, бұрын 5 жыл еді. Бірақ, кейін 10 жылға ұзартылды және соңғы 2 жылда бұл байқауға қойылатын талаптар жоғарылады.

Арнайы патент алған жобаларыңыз бар ма?

– Ғылыми еңбектер ішінде 5 өнертабыс патентім бар. Жалпы 3 ғылыми жобаға қатысқанмын. Докторантурада оқып жүргенде, яғни 2018-2020 жылдары «Өндірістің экологиялық орнықтылығы мен тиімділігін жоғарылатуға арналған жаңа материалдар мен технологияларды жасау саласындағы химиялық кластердің инновациясын ғылыми-техникалық негіздеу» атты мемлекеттік бағдарламасы негізіндегі ғылыми жобада орындаушы ретінде әртүрлі зерттеулер жасағамын (ИРН BR05236302-OT-19). Диссертациямды қорғаған соң 2019-2020 жылдары арасында тау кен бағытындағы шаруашылық келісім-шарт негізіндегі «Тектоникалық бұзылулардың таралу заңдылықтарын және олардың алынатын фосфорит кені сапасына әсерін зерттеу» атты жобаның зерттеу тобының құрамында болдым. Кейін 2021 жылы «Дифференциалды қасиеттері бар тампонаждық ерітінділерді жасау» (ИРН AP09058636) тақырыбында дайындалған жобамыз Ғылым комитетінің байқауында жақсы баға беріліп, ғылыми жұмыстармен айналысуға қомақты мөлшерде грант бөлінген еді. Сол жұмыста алғаш рет жетекші атандым. Бұл жоба аясында патентке тапсырыс берілген. Сонымен бірге бұл жобаның ерекшелігі М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде алғаш рет жоба аясында «Бұрғылау және тампонаждық ерітінділер» атты ғылыми зертхана құрылу жоспарланған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев техникалық мамандықтарға көңіл бөлуді тапсырды. Жас талапкерлердің мамандық таңдаудағы көзқарасын қалай өзгертуге болады?

– Біздің кафедрамыз, яғни «Мұнай, газ және тау кен ісі» кафедрасындағы білім беру бағдарламалары техникалық мамандықтарға жататындықтан, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы мен кафедрамыздың жасап жатқан жұмыстары бағыттас болды. Мысалы, кафедрада алғаш рет 2021 жылы «Мұнай-газ инженериясы» білім беру бағдарламасы бойынша магистратура ашылды. Бұл бағдарламаның ерекшелігі – магистранттың Уфа мемлекеттік техникалық мұнай университетімен келісім-шарт негізінде 1 семестр оқып қайта алатындығында. Сонымен қатар, «Бұрғылау және тампонаждық ерітінділер» атты ғылыми зертхана құрылуда. «Амангелді Газ өңдеу зауытымен бірлескен білім беру бағдарламасы жасалды. Яғни, бұл бағдарламаны оқыған студенттерге өндіріс тарапыннан мамандар сабақ береді. Мұнай-газ инженериясы» білім беру бағдарламасы бойынша түскен студенттерге 2-3 курстарда әртүрлі компаниялардың гранттары беріледі. Осының барлығы талапкерлердің техникалық мамандықтарды таңдауы үшін жасалып отыр. Тек, осындай жағдайлар жасалатынын, жеңілдіктер берілетінін біз мектеп бітірушілерге жеткізуіміз керек.

Әңгімеңізге рахмет!

Прочитано 790 раз
Top