Қиын шақта айналаңдағыларға қол созып, көмектесу – имандылықтың ең ізгі көрінісі. Қазір көпшілік кешегі террористік әрекеттердің салдарынан соққыға жығылып, оққа ұшқандардың жағдайына алаңдаулы. Олардың арасында жақын-туыстарына донор іздеп, таныстарына хабарласып, шарқ ұрып қалғандар да көп. Дәрігерлер де жұртты қан топтары бойынша донорлық қор қалыптастыруға шақырған еді.
Мұқтаж жанның амандығы үшін қан тапсыру да – қайырымды іс. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру» институтының «Электрэнергетика» кафедрасының оқытушы-профессорлық құрамы облыстық қан орталығына барып, қан тапсырып, игі іске өз үлестерін қосты. Олар осылайша, елімізде болған лаңкестік әрекеттердің салдарынан зардап шеккен жерлестерімізге көмек көрсету мақсатында ерікті донор болды.