СЫН САҒАТТАР БАРШАМЫЗҒА САБАҚ БОЛСЫН
Сын сағаттар туғанда көкейде туған көп күмәннің бірі – «тәуелсіздігімізді сақтап қала аламыз ба?» деген сауал болғанын несін жасырамыз?! Себебі, халықтың бейбіт шеруін беймәлім топ өз мүддесіне пайдаланып кетуге ұмтылғаны бірден байқалған болатын. Жұрт талабын жеткізді, билік оны естіді. Соған сай шешімдер қабылданатыны да жария етілді. Алайда, алаңсыз жұрттың мазасын қашырған басбұзарлардың әрекеті үрейімізді ұшырды.
Жалпы бұл оқиға елімізде жүйелі және шынайы өзгерістер қажет екенін көрсетіп бергенін де жоққа шығара алмаймыз.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісі отырысында ұзақ уақыт бойы қоғамда талқыланып келген аса маңызды мәселелерге жеке-жеке тоқталғаны да, сондықтан.
Елдегі саяси реформаларға бей-жай қарамайтын азамат ретінде айтарым, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, мемлекеттік басқару жүйесінің қайта құрылы керек екендігі айқындала бастаған. Ал күштік құрылымдарды реформалау және армиямыздың әскери әлеуетін арттыру мәселесінің өзектілігі – айтпаса да түсінікті жайт.
Жалпы алғанда Президент ұсынған іс-шаралар жүйелі сипатқа ие. Олар мемлекеттік басқару жүйесін, экономиканың құрылымын, әлеуметтік саланы түбегейлі өзгертуге, азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған.
Тұрсынай Абдықадырова,
М. Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің
«Қазақ тілі және әдебиет» кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.д, профессор
ЖАСТАР ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ ҚОЛДАЙДЫ
Кез келген әлеуметтік түйткілдің түпкі себебі жұмыссыздықта жатыр. Әсіресе, жастарды, әлеуметтік тұрғыда қолдауды қажет ететін санаттағы азаматтарды нәтижелі еңбекпен қамту мәселесі өте өзекті. Жас мамандар қолына диплом алған соң қайда барарын білмей, сандалып қалмауы тиіс. Парламент Мәжілісінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік туралы сөз қозғап, Үкіметке әлеуметтік кодекс қабылдауды тапсыруының мәні осында жатыр деп ойлаймын.
Президент әлеуметтік кодекс жаңа «қоғамдық шарттың» негізгі элементі болуы тиіс екендігін атап өтті. Сондай-ақ жұмыссыздықты, әсіресе жастарды жұмыспен қамтуға баса көңіл бөлу қажеттігін ескертті. Жалпы жоғары оқу орындарының, колледждердің түлектері, әсіресе, арнайы кәсіби біліктілігі жоқ жастарға тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасудың қиын екендігі белгілі. Алпауыт компаниялар мен ірі өндіріс орындары тәжірибесіз мамандарды жұмысқа алудан қашады. Кей жағдайда еңбек ауыр, талап қатаң болғанын, еңбекақының аз екенін алға тартып жастардың өзі бір жерде тұрақтамай жатады.
Жас кадрлардың алғашқы еңбек тәжірибесін жинап әрі табыс табуына мүмкіндік арнайы мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қарастырылғаны рас. Алайда айлық жалақысы төмен. Президент Үкіметке жас мамандардың алғашқы жұмыс орны жобасы - «Жастар практикасының» мерзімі мен еңбекақы мөлшерін ұлғайту мүмкіндігін қарастыруды тапсырғаны – бізді қуантты. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жастардың және халықтың осал топтарының іскерлік бастамаларын іске асыру үшін жағдай жасауды тапсырғаны – ертеңге деген сенімімізді нығайтып отыр.
Арнат Ұлтанбаев,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
ректорының жастар ісі жөніндегі көмекшісі