БІЗДІҢ КҮШІМІЗ БІРЛІКТЕ!

Жыл өткен сайын еліміз әлеуметтік-экономикалық ахуалы жағынан нығайып, қуатты мемлекетке айналуда. Расында өткен отыз жылда жыртығымыз бүтінделіп, жоғымыз түгенделді, өзге елдермен тереземіз теңесті. Бұл жетістікке еліміз біріншіден, бірлік пен тұрақтылықтың, екіншіден, Мемлекет басшысының стратегиялық жоспарлы қадамдарының нәтижесінде жеткені әмбеге аян. Осы жолда небір соқтықпалы-соқпақты, сындарлы кезеңдерді бірге еңсердік. Түрлі этнос өкілдерінің бір шаңырақ астында мамыражай өмір сүруі де бірлік пен тұрақылықтың жемісі. Өкініштісі сол, дәл қазір досқа адал ұлттың ортасына іріткі салатындардың жымысқы әрекетіне тап келіп отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бейбіт шеруге шыққандандардың өтінішін назарға алып, құрылымдық күштерді лаңкестерді тұқыртуға жұмылдырып отыр. Осыған байланысты Қазақстанда төтенше жағдай жарияланды. Бейбіт елдің шаңырағын ортасына түсіруді көксегендердің жолын кесу – негізгі мақсатқа айналды. Тараз қаласында да лаңкестік қылмыстың «қызыл» деңгейі жарияланып, коменданттық сағат режимі белгіленді. Яғни, қас қарайғанда сырта шығуға тыйым салынады. Өз кезегінде арнайы жасақ қарулы топты құрықтауға бар күшін салуда. Себебі террорлық әрекетке үлкен дайындықпен шыққандардың жолын қазірден байламаса, күні ертең не боларын болжап біле алмаймыз. Құрметті қала тұрғындары, осы жайыттың барлығын ескере отырып, коменданттық сағат режимін бұзбауға шақырамын! Бастысы, біздің күшіміз бірлікте екенін қаперден шығармайық!

Әнуарбек Әймен,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 
технологиялық факультет деканы,
Тараз қаласының құрметті азаматы

Прочитано 905 раз
Top