ТӘУЕЛСІЗДІК – МӘҢГІЛІК ЕЛ МҰРАТЫ!

Қазақстанның тәуелсіздік күні - Республиканың ең жоғарғы мемлекеттік мерекесі болып табылады. Бұл күнді жай ғана еске алу күні емес, алаңға ешбір жаман оймен шықпай, әділеттілікті талап еткен жастарымыздың қаны судай ағылған, шығынға ұшыратқан, естен кетпес қасірет болған күн!

Біле білген кісіге қайда жүрсек те, қандай қызметте болсақ та жүрегімізден кетпейтін шүкіршілік ететін күн! Барымызды бағалап, халқымызды сабырлыққа шақырайық, әрбір қазақстандық тәуелсіздігіміз үшін, ел үшін шынайы еңбегіміз бен үлесімізді аямайық!

Біздің «Өмір тіршілік қауіпсіздігі» кафедрасының ұжымы, әр жылда бұл күнді құр қалдырмай құрбандарға құран бағыштап, кем-кетік міскіндерге сыйлық таратуды қолға алдық, басшымыз қолдап әдетке айналдырдық. Жақсылықты айту үшін емес, Алла разылығы үшін! Берері көп жаратушы иеміз бақылаушы, титтей де болса көмегімізді көбейтуші, еліміздің тыныштығына қосқан үлесіміз болсын деп кафедраның атына сай болайық деген амалдар үшін!

Жақсылықтан құр қалмайтын «Өмір тіршілік қауіпсіздігі» кафедрасының әрбір сөздеріне, жалпы мамандыққа тоқтала кетейін:

  1. Өмір - адамзатқа берілген сыйлық әрі сынақ, еркімізге келгенін жасап әрі ойнап-күлу емес. Өміріміздің әр күнін құр өткізбей ақиқаттың алаңында тұрғанымызды естен шығармайық. Алған білімді келешек ұрпаққа таза етіп қалдыру. Мемлекеттің бар байлығын сақтау, көз қарашығындай қорғау, көмек қолын созу, пайдалы іспен айналысу.
  2. Тіршілік - әр бір пендеге берілген бақыт. Тапқан табысымыз таза, ішкен асымыз адал, сөйлеген сөзіміз өтімді, халқымызға адалдық! Татулық пен ынтымаққа бастар жол. Қоршаған ортаға зиян келтірмеу, шашылғанды жинау, суды үнемдеу, тазалық сақтау, тіршілік иелеріне құрметпен қарау және бағалау.
  3. Қауіпсіздік - зардап шеккендерге алғашқы көмек қолын созу, сақтық, өзіңді өзің тәрбиелеу, қиындықты бірге жеңу, өмір ережесін сақтау, басшыға бағыну, заңды сыйлау. Әке-шешеге адал қызметте болу, мүмкіндік болса батасын алу.

Осы ережелерді сақтасақ еш уақытта қазақ елінде жаманшылық болмайды, желтоқсандағыдай оқиғалар қайталанбайды. Ол үшін тілімізге құрмет көрсетіп, кең байтақ жерімізге ие болып, пайдалы іспен айналысайық. Егін егіп, мал жайып, заманға ағымынан қалыс қалмай білімімізді шыңдайық. Өндіріс орындарын ашайық, шағын кәсіпкерлерді қолдайық, бір-бірімізге кедергі болмай, мүмкіндігінше қолдаушы болайық. Тәуелсіздігіміз мәңгілік, тұғыры биік, байрағымыз аспандап тұрсын!

Мен, Тойлыбай Маханов, 1986 жылдан бері М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде қызмет атқарамын. Атқаратын қызметім – «Өмір тіршілік қауіпсіздігі» кафедрасының зертхана меңгерушісі. Осындай жоғарғы оқу саласында жұмыс істегеніме қуанамын және мақтаныш етемін! Қолымнан келгенше тәрбие беріп, өзгелерге үлгі көрсетуге тырысамын. Біздің ұжымда тамаша үлгі тұтар ұстаздар көп. Еліміздің түкпір-түкпірінде қаншама түлектеріміз әр салада қызмет етуде. Әр уақытта жастарға сенім мен қолдау қажет.

Бұл Тараздан желтоқсан батыры Қайрат Рысқұлбеков, олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев, Қазақстан барысы Бейбіт Ыстыбаев және т.б. шыққан. Қаншама өнер адамдары бар, атап айтсақ Мейрамбек Бесбаев, Құрмаш Махан, Саят Медеуов, Досымжан Таңатаров бұлардың барлығы Тараз университетінің түлектері. Артқа шегінсек, бір туар ұстаз Мекемтас Мырзахмет, ақын-жазушы Шерхан Мұртаза, батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы, кино актерлары Тұңғышбай Жаманқұлов, Асанәлі Әшімов, спорт саңылақтары Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаев тағысын тағылар. Бұл аңыз адамдар, тегеуірінді тұлғалар универсисеттің көрсеткіші, әрі мақтаныштары. Әлі талай батырлар мен жазушы өнер тарландары шығары анық.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы құтты болсын! Бейбітшілік, ынтымақ, бірлік, молшылық болсын! Құдайдың кешірімі түскен үлкен мемлекетке айналсын! Ел басқарған азаматтарымызға ынсап берсін, ұрпағымыз салиқалы, шынайы білім иелеріне айналсын! Ашық аспан, кең пейіл, жомарттық пен сабыр берсін! Біздің Тараз өңірлік университеттен әлемді таң қалдыратын әлі талай білімгерлер шығатыны анық. Мамандықты таңдай білейік, өйткені «Өмір тіршілік қауіпсіздігі» мамандығы қай заман болмаса да керекті, әрі маңызды. Тәуелсіздік күні жарқырай берсін, Жамбыл облысы көркейіп Тараз Өңірлік университеті мәңгілік білім ошағына айналсын!

«Өмір тіршілік қауіпсіздігі»
кафедрасының зертхана меңгерушісі
Маханов Тойлыбай Жарқынбайұлы

Прочитано 1015 раз
Top