ҒЫЛЫМ КӨКЖИЕГІНДЕ

2021 жылдың 1 - 4 қыркүйегі аралығында қоршаған ортаны қорғау ғылымы мен технологиясы бойынша 17 -ші халықаралық конференция (CEST2021) Грецияның Афина қаласында өткізілді. Халықаралық ғылыми конференцияны экологиялық ғылымдар мен технологиялардың ғаламдық желісі Эгей университеті (Греция) және Афинаның Каподистрия ұлттық университеті (Греция) бірлесе ұйымдастырған. Сондай-ақ, CEST 2021-ге академиялық тұрғыда Салерно университеті (Италия), Цинциннати университеті (АҚШ) және Лондондағы Империал колледжі (Ұлыбритания), сонымен бірге конференцияның ғылыми комитетінің мүшелері - белгілі ғалымдар тобы қолдау көрсеткен.

CEST 2021 конференциясында қамтылған ғылыми бағыттар мен тақырыптар экологиялық ғылым мен техниканың барлық соңғы тенденцияларын, сондай - ақ негізгі зерттеулерді айқындайды. Соның ішінде, «Су мен ағынды суларды тазарту және қайта пайдалану», «Гидрология және су ресурстары», «Қалдықтарды басқару», «Экологиялық менеджмент және саясат», «Қоршаған ортаның ластануы», «Экология және экожүйені басқару», «Экологиялық жүйелерді талдау», «Қоршаған ортаның жағдайы» және «Экологиялық инновациялық шешімдер» деген өзекті тақырыптар конференцияның негізгі секцияларының арқауы болып таңдалған.

Аталған конференцияға алты құрлықтан (Еуропа, Азия, Африка, Солтүстік Америка, Оңтүстік Америка және Австралия) 82 ел қатысып,  550 баяндама қатысушылар назарына ұсынылған. Осындай мәртебесі жоғары ғылыми конференцияға Қазақстан Республикасы, тараз қаласы М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті технологиялық факультеті «Химия және химиялық технология» кафедрасының PhD  Қалмаханова Маржан Сеитқызы қатысып, «Advanced Oxidation Processes» секциясында "New pillared clays for the removal of pollutants from wastewater by treatment with oxidation processes" тақырыбында ағылшын тілінде баяндама жасады. Бұл секцияда барлығы 35 баяндама тыңдалып, арнайы әзірленген презентациялар қатысушылар назарына ұсынылған.

Әріптесіміз Маржан Сеитқызына ғылым жолында шығармашылық жетістіктер мен толағай табыстар тілейміз.

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Басқарма Төрағасы - ректор Талғат Ілиясұлы Ешенқұловқа жас ғалымдардың Халықаралық конференцияға қатысуына қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіреміз!

«Химия және химиялық технология» кафедрасының меңгерушісі
х.ғ.к., қауымдастырылған профессор Масалимова Бакытгуль Кабыкеновна

 

 
 
Прочитано 1181 раз
Top