ЖІГЕРЛІ ЖІГІТІМІЗДІ ЖЕҢІСІМЕН ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!

Қазақ күресінен «Қазақстан Барысы – 2021» турнирінде Жамбылдық жас палуан жүлделі екінші орынға табан тіреп, күміс белбеу мен 5 500 000 теңге табысқа кенелді.

Турнир Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30-жылдығына және палуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150-жылдығына арналды.

Биыл 10-шы рет ұйымдастырылған жарыстың ақтық кезеңінде Ғалымжан Қырықбай шығыстың палуаны Дәурен Нұралиновпен белдесті.

Негізгі уақытта студентіміз тең түсіп, белдесудің соңғы минуттарында шығыстың палуаны жеңіске жетті.
Ғалымжан Қырықбай жас та болса жігерлігі мен тынбай дайындалғанының нәтижесінде жүлделі 2-орын иеленді.

Жамбылдық палуанды әуежайдан салтанатты түрде қарсы алуға келген облыс атқа мінерлері мен тұрғындары қуанышты сәтті асыға күтті.

Дулати университетінің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры м.а Альмара Еркінқызы бастаған ару қыздар батырды гүл шоқтарымен қошеметке бөледі.
Жиын барысында Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жүнісбеков Нұрбол Әбдімажитұлы сөз сөйлеп, Ғалымжанның шығар белесі, бағындырар биігі көп екенін жеткізді. Сонымен қатар, облысымыздың намысын жас та болса республикалық деңгейде асқақтатқан батырды құттықтады.

Ғалымжан Қырықбайдың осы дәрежеге жетуі үшін ұзақ жылдар тер төгіп, шаршамастан жаттығулар жүргізіп, дайындаған алғашқы бапкері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы – Бақтияр Ақбергенов ержүрек шәкірті алдағы жарыстарда алтын белбеу алатынына нық сеніммен қарайтынын айтты.

Келесі сөз кезегін алған «Қазақстан Барысының» үш дүркін чемпионы, Еуразия барысының алтын белбеу иегері Бейбіт Ыстыбаев жүрек жарды тілегін білдіріп, облысымыздың бірқатар палуан жігіттерінің атынан жүйрік ат тарту етті

Салтанатты жиынды қорытынды сөзімен түйіндеген Жамбыл облысының Барысы – Ғалымжан Қырықбай көпшілікке алғысын білдірді.

Жамбыл облысының мақтанышы болған жас палуанымызды жемісті жеңісімен құттықтай отырып, алдағы уақыттарда биік белестерді бағындырарына кәміл сенеміз.

Прочитано 1246 раз
Top