ӘДІЛДІК ОРНАТУ ӘРКІМНІҢ ӨЗ ҚОЛЫНДА

Қоғам әрқашан тәртіпке арқа сүйеп, қалыптасып, тіршілік етеді. Тәртіпсіз қоғам құлдырайды. «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды» деп батыр Бауыржан атамыз айтқандай тәртіпсіз елде бейбітшілік, ашықтық, шынайылық, адалдық сынды қасиеттер құрдымға кетіп, ел ел болуын доғарады. Әр сала дамып өсу үшін жүйе, жоспар және тәртіп керек. Бұл жоғары оқу орындарында ерекше көрініс тапқан. Жасыратыны жоқ ел арасында «білім саласын жемқорлық жайлаған. Жемқорлық етек алған жерде білім сапасыз» деген сын сөз жиі айтылады. Бүгінде елімізде  осындай айыптаулардың  алдын алу үшін университет қабырғаларында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.

Өңіріміздің іргелі оқу орны – М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті академиялық адалдық саясатын ұстанатын, жемқорлық фактілеріне жол бермеуде тынымсыз күрес жүргізіп келе жатқан университет. Осы мақсатта білім ордасында Әдеп кеңесі, әдеп жөніндегі уәкіл және студенттік омбудсмендер жұмыс істейді. Енді осылардың әрқайсына жеке тоқталып, мақсат-міндеттерін сөз етсек.

Университетте сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алып, оны болдырмау әрі тұрақты күрес жүргізу мақсатында 2019 жылы әдеп жөнінде Кеңес құрылған. Бұл – университет қызметкерлері мен студенттерінің тәрбие істерін қарауға, жемқорлыққа қарсы заңнаманы қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, ішкі тәртіп ережелерін  және университет Жарғысын сақталуын қамтамасыз ететін ұйым. Әдеп жөніндегі Кеңестің құрамына міндетті түрде профессорлар, бөлім бастықтары, факультет декандары, персоналды басқару қызметінің бастығы, ардагерлер кеңесінің төрағасы кіреді. Аталмыш Кеңес өз қызметін ҚР Конституциясына, ҚР Еңбек кодексіне, «Білім туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңдарына сәйкес жүзеге асырады. Әдеп Кеңесінің төрайымы – Философия және саясаттану кафедрасының меңгерушісі Дина Көлбаева. Әдеп Кеңесінің негізгі мақсаты – Заңды бұзушылықты анықтап қана қоймай, оның алдын алу. Алдын алу үшін түрлі тренингтер, түсіндіру жұмыстары, куратор сағаттары өткізіледі. Ауқымды істер жайлы Дина Дүйсебайқызы былай дейді:

– Университетімізде әр оқытушы мен стдент ең алдымен Оқытушылар мен студенттердің ар-намыс кодексімен таныс болады. Бұл негізгі құжатпен таныс болған қызметкер я студент тәртіп бұзған жағдайда «мен білмедім» деп ақтала алмайды. Кеңес жұмысы тек жазалаудан тұрмайды, біз сондай-ақ, келіспеушіліктерді шешіп, тараптарды татуластырамыз, түсініспеушілік туындаған жайды қарастырамыз. Студенттер тарапынан шағым көп түседі. Олардың шағымы көбіне балдың төмендігіне, дөрекі қарым-қатынасқа қатысты. Тіпті «оқытушы тарапынан пара талап етті» деген шағымдар да болды. Біз бірінші кезекте нақты дәлелге жүгінеміз. Қажет болса арнайы комиссия құрамыз. Іс егжей-тегжейлі зерттелгеннен кейін университет ректорына ұсыныс хат жазамыз. Шешімді ректор қабылдайды. Кеңес ұсынысымен бүгінгі күнге дейін 3 оқытушы мен 1 қызметкердің еңбекшарты тоқтатылды, 30 профессор-оқытушыға ескерту беріліп, 14 оқытушыға сөгіс жарияланды. 1 оқытушыға қатаң сөгіс берілді. Сондай-ақ 15 профессор-оқытушыға ауызша ескерту жасалды, - деген төрайым бұндай Кеңес оқиғаның орын алуына байланысты айына бірнеше рет өткізілетінін айтады.  

 Кеңес мүшелеріне шағыммен келген адам көбіне фото, видео, аудио дәлелдермен келеді екен. Шағым он күн ішінде қарастырылады. Егер арыз анонимді (домалақ арыз) болса, дәлел жеткіліксіз жағдайда тек түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Яғни, бұл істе нақты дәлел-дәйек маңызды. Студенттер қауымы өз шағымын студенттік омбудсмендер арқылы білдіре алады. Осы тұста «Студенттік омбудсмендер деген кім? Олар қандай қызмет атқарады?» деген сауал туындайды.

          

Студенттік омбудсмендер дегеніміз кімдер?

Студенттік омбудсмендер студент мүддесін қорғайтын, білім беру сапасын арттыруға ықпал ететін, түрлі әлеуметтік бастамаларды іске асыратын белсенді жастар тобы.

Шетелде студенттер құқығын қорғайтын мұндай ұйымдар көп болғанымен, елімізде санаулы оқу орындарында ғана бар. Солардың бірі – Дулати университеті. Университетімізде студенттік омбудсмен 2020 жылы құрылған. Студенттердің құқығы жөніндегі уәкілі – «Ақпараттық жүйелер» кафедрасының оқытушысы Қуаныш Абдукаримов. Бүгінгі күні омбудсмендер қатарында әр факультеттен 10 студент бар. Омбудсмендерді қарапайым тілмен басшылық пен студент жастар арасын байланыстыратын көпір десе болады. Кез-келген студент өз қалауын, шағымын я ұсынысын өзі қатарлы құрдастары арқылы жеткізе алады. Сұрақтарын әлеуметтік желідегі парақшалар немесе сайттағы арнайы блок арқылы жолдауына болады. Ұлыбритания елінде Рединг университетінде магистратурада оқыған Қуаныш Ғалымжанұлы шетелдік оқу орындарында студенттер құқығын қорғайтын ұйымдардың жұмысымен жақсы таныс әрі мүшесі болған. Ендігіде білгенін бөліспек, білім сапасының жақсаруына өз ықпалын тигізуді көздейді. Студенттердің құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде атқарылған жұмыстар мен жоспарлары туралы былай дейді:

–  Омбудсмен дегеніміз тек студенттердің шағымын ғана қарастырмайды, сондай-ақ олардың тың идеяларын, университеттегі жағдайды жақсарту бойынша айтылған ойларын жүзеге асыруға көмек көрсетеді. Студенттер тарапынан түскен шағымдарды қарастырып, оны шешу үшін жұмыстар жүргіземіз. Мәселен, қашықтан оқу кезінде көптеген студенттер оқу платформаларының ыңғайсыздығына шағымданды. Біз бұл сұрақты шешуге өз септігімізді тигіздік. Университетімізде шетелдік студенттер де білім алады. Олар да оқу барысында қиын жағдайларға, түсініспеушіліктерге тап болады. Өзге ұлт өкілдерінің арнайы омбудсмені сол жастардың мүддесін қорғайды. Мысалы, шетелдік студенттердің ұсынысымен қазақ тілі мен ағылшын тілінен тегін курстар өткізуді ұйымдастырдық. Бұл студенттеріміз құжат рәсімдеу жағынан кедергілерге тап болып жатады. Сол сұраныстарын шешуге де көмектестік. Сондай-ақ, жастарды сергіту мақсатында жатақханалар арасында байқаулар ұйымдастырамыз. Жақында айналамыздың тазалығына үлес қосу үшін сенбілік ұйымдастырдық. Міне бұл жұмыстардың барлығы да омбудсмендердің атсалысуымен жүзеге асты, - дейді жастар үнін жеткізуші Қуаныш Ғалымжанұлы.

Студенттік омбудсмендер тек университет ішіндегі сұрақтармен шектелмей, сыртқы ұйымдармен де жұмыс істеп, жастар мәселесін көтеруді көздейді. Мәселен, қоғамдық көлікте оқушыларға жеңілдік жасалғанмен, студенттер жол ақысына еш жеңілдік жасалмаған. Міне, осы сұрақты көтеріп, оң нәтиже шығаруды мақсат етеді. Сонымен қатар, Назарбаев университетімен бірігіп «Адалдық» жобасын жүзеге асырмақ. Жоба бірнеше іс-шараны қамтиды. Видеобайқау, ғылыми-зерттеу жұмысы, семинар-тренинг, марафон сынды шаралар өткізіледі. Студенттерді қанаттандыру мақсатында қаржылай жүлделер үлестірілетін болады.

 Жастар үнін жеткізіп жүрген омбудсмендер қатарында Алина Мадиева да бар. Ол Физика мамандығының 2-курс студенті. Алина Елбасы грамотасымен марапатталған, республика бойынша «Айдың үздік волонтері» атанған. «Біздің мақсатымыз – студенттердің сапалы, жақсы білім алуын қамтамасыз ету, академиялық адалдықтың сақталуын қадағалау» деген белсенді жас өз жұмыстары жайлы егжей-тегжей әңгімелеп берді:  –  Біз студенттердің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін басшылыққа түрлі ұсыныстармен шыға аламыз. Мысалы, қашықтан оқу кезінде студенттер тарапынан бірнеше ұсыныс болды. Тіркеу офисінің директоры Наталья Чернявскаямен кездесіп, платформалармен жұмысты оңтайландыру бойынша сұрақтарды қарастырып, шешуге ықпал еттік. Университет ректорымен жолығып студенттердің өтінішін жеткіздім. Карантин кезінде студенттер жатақханада тегін тұру мүмкіндігіне ие болды, жазғы сессияны тегін тапсыру жеңілдігін жасады. Сондай-ақ, студенттер тапсырмаларын орындау үшін университеттегі компьютерлік сыныптарды тегін, еркін қолдануға рұқсат алдық,- деген Алина аптасына 5-6 студен шағыммен келіп, көмек сұрайтынын айтады. Омбудсмендер шағымды жан-жақты зерттейді. Мәселен, «маған аз балл қойды» деген студенттің сабаққа қатысқанын, тапсырмаларды орындағанын барлығын қарастыра келе іске кіріседі. Студенттің шағым, талабы  расталған жағдайда оның мәселесі оң шешіледі. Сұрақ шешілгеннен кейін де студентке ешқандай қысым жасалмағанын қадағалайды студенттік омбудсмен. Алинаның айтуынша студенттер сабақтан өзге жатақхана сұрағы бойынша, асханадағы тағам мен бағаға қатысты мәселелермен жиі келеді екен. Білекті сыбанып іске кірісетін батыл жастар мәселені май шаммен қарап, істің соңына дейін жеткізуді мақсат етеді.

 Омбудсмен бар болмысымен қалған студенттерге үлгі болуы керек. Ол сабақта озат, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысатын әрі өз ой-пікірін ашық, анық жеткізе алатын болуы тиіс. 

  Иә, студент өз мәселесін оқытушыға немесе кураторына айта алмауы мүмкін. Ал өзі қатарлы студентке құрдас, замандас болған соң ойын еркін білдіре алады. Студенттік омбудсменнің де негізгі мақсаты студенттің құқығын қорғап, пікірін біліп, ұсынысын ескеру. Жастар үнін қажетті тарапқа жеткізу. Бұл мақсатты университетіміздің омбудсмендері абыроймен атқарып келеді.

DSC 7749Кафедра меңгерушісі фс.ғ.к. доцент Кульбаева Дина Дюсебаевна

DSC 7772DSC 7741

DSC 0063

Гүлбақыт Берікқызы

Прочитано 1279 раз
Top