ПОЭЗИЯ ПАДИШАСЫНА АРНАЛҒАН БАЙҚАУ

«Ұстаз» институты «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақ өлеңінің падишасы атанған, Әулие-ата өңірінде өсіп, әлемге танылған ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Жамбыл облысының құрметті азаматы, ақын Күләш Ахметованың 75 жас мерейтойына арналған «поэзияның ақ гүлі» мерекелік іс-шарасы болып өтті.

Аталған кешке оқу ордамыздың профессор-оқытушылар құрамы мен қонақтар, студенттер қатысты. Республиканың әр өңірінен өлең сүйер қауым онлайн форматта көруге мүмкіндік алды.

Алғашқы құттықтау сөзді М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Басқарма-Төрағасы ректордың м.а. Ержан Әмірбекұлы алып, ақын өлеңдерін оқып, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі. Қонақтар атынан «Жамбыл-Тараз» қалалық қоғамдық-саяси газетінің директоры Эльмира Иниятқызы сөз алып, Ахметова өлеңдерінің ерекшелігіне тоқталды.

Үш түрлі тақырып бойынша өткен байқауға Республиканың іргелі оқу орындарынан 100-ден аса үміткер қатысып бақ сынаған болатын. Нәтижесінде «Болашақ үшін» номинациясы бойынша 1-орынды Аяулым Кенешбекова иеленсе,   «Жазылған жырлар» номинациясы бойынша 1-орынды Оңтүстік Қазақстан университетінің студенті Жамал Журсінбек алды, аталған номинация бойынша 2-орын Әлібек Сейдәзімге бүйырды, «Мен Күләшті оқимын» номинациясы бойынша 1-орын Нұршахризада Салимоваға табысталды.

«Ұстаз» инстутының директоры Орынқыз Көпбосынқызы жұлдегерлерге бағалы сыйлықтар табыстап, кештің қортынды сөзін сөйлеп, өскелең ұрпаққа ақын өлеңдерін терең тану, қолда бар асылды бағалау керектігін тілге тиек етті. Байқауға қатысқан жастарға шынайы рақметін білдірді.

Еліміздегі ахуалды ескере отырып өзге облыс, қаладан қатысып, жүлде алған студенттер шақырылмады.

Медиа-қызмет

Прочитано 1230 раз
Top