ЖОО ОҚЫТУШЫЛАРЫНЫҢ ЖАЛАҚЫСЫ ЖОҒАРЫЛАМАҚ

Күні кеше ҚР Білім және ғылым министрі ЖОО үздік оқытушыларын марапаттаған болатын. Салтанатты жиында Асхат Қанатұлы білім мен ғылым саласындағы біршама маңызды мәселелерге тоқталды. Ең басты мәселе оқытушылардың негізгі проблемаларын шешу деп атап көрсеткен министр оқытушылардың жалақысын арттыру мен жүктемені азайту жайында жаңалықпен бөлісті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында жоғары оқу орындарындағы педагогикалық-оқытушылық құрамның жалақысын арттыруға қатысты тапсырма берген болатын. Соған сәйкес 2019 жылы қыркүйекте БжҒМ тікелей бағынышты ЖОО оқытушыларының жалақысы 20%-ға, 2020 жылдың қыркүйек айында тағы 20%-ға өсті. Бастапқы жалақы базасының төмен болуынан қосылған жалақының мөлшері де ауыз толтырып айтарлықтай емес екенін айтқан министр 2021 жылдың қыркүйегінен бастап штаттағы оқытушылар үшін минималды жалақы мөлшері белгіленгенін айтты: « 2021 жылдың қыркүйегінен бастап БҒМ-ге ведомстволық бағынышты жоғары оқу орнында штаттағы оқытушы айына кем дегенде 200 мың теңге, аға оқытушы – 230 мың теңге, қауымдастырылған профессор – 260 мың теңге; профессор 350 мың теңге (ұлттық жоғары оқу орындарында – 400 мың теңге) алуы тиіс.

Бұл жалақының ең төменгі мөлшері болуы тиіс. Сондай-ақ әр жоғары оқу орны оқытушылардың белгілі бір жетістіктері үшін басқа да ынталандыру төлемдерін белгілеп, төлей алады», - деді.

Жиында қозғалған тағы бір өзекті мәселе – оқытушы жүктемесін азайту жайы. «Педагогикалық жүктеменің максималды көлемін 1 ставка үшін 680 сағаттан асырмау керек. Әрине, бұл педагогикалық жүктемесі аталған көрсеткіштен төмен ЖОО-ды (жылына 450 немесе 500 сағат) ештеңеге міндеттемейді. Яғни, сағат санын белгіленген 680-ке дейін жеткізу міндеті тұрған жоқ. Оқытушыға берілген 1 ставка көлемі 700-900 сағат немесе одан жоғары болатын жоғары оқу орындары сағат санын 680-ге дейін төмендетуі керек», - деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы.

Медиа-қызмет

Прочитано 1511 раз
Top