Өмірін өнерге, музыка әлеміне, осы жолда шәкірт тәрбиелеуге арнаған талант иесі бүгінгі күні жетпіс жасқа толып отыр. Ол әрі биші, әрі әнші, хор дирижері болды. Бүгінгі күні жиған тәжірибесін, біліп-түйгенін жас буынға үйретіп, шәкірт тәрбиелеп жүр. Бүгінгі әңгімемізге арқау болған кейіпкеріміз – М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Мәдениет және өнер» кафедрасының аға оқытушысы Баян Көшербайқызы.
Қасиетті туған жердің топырағы, туған-туыс, ағайын-бауырдың ықыласы адамның қалыптасуына, жетілуіне сеп болары сөзсіз. Баян Көшербайқызы да жақындарының махаббатына, мейіріміне қанып өсті. Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Ворошилов селосында өмірге келді. Қайрат Рысқұлбеков атындағы мектепте оқыды. Жан-жақты өнер иесі бала күнінен бойына біткен дарынымен дараланып жүрді. 1968 жылы Шу ауданы, Новототроицк селосында қазақ орта мектебін бітіріп, көрші Жамбыл колхозында аға пионер вожатый болып, бастауыш сынып оқушыларына сабақ берді. Ауылдағы халық театрында өнер көрсете бастады. «Ажар мен ажал» спектаклінде Ажардың рөлін сомдап көрермен ықыласына бөленді. Баянмен ән салып, акробатикалық этюдтерімен де көпшілік көңілінен шыға білді. Талантты қыздың бірден жоғары оқу орнына түспеуінің себебі бар еді. 39 жасында әкесі дүниеден озып, жеті баламен қалған анасына Баян қолғабыс болды. Пұл тауып, бауырларының қамын ерте ойлауына тура келді. Дегенмен, талапты жастың бағындырар биігі алда еді...
Білімін шыңдауды көздеген талантты қыз бір жылдан соң Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институттың «Музыкалы-педагогикалық» факультетінің дайындық курсына, келесі жылы негізгі курсқа қабылданады. Оқуда озат болған Баян Күләш Байсеитова атындағы атаулы степендиямен оқып, 1974 жылы оқуды үздік дипломмен тәмамдайды. Дипломын қолға алған жас маман Жамбыл ағарту училищесіне жолдама алып, музыкалық пәндерді оқытушы маман болып орналасты.
Осылай басталған ұстаздың еңбек жолы өмір ағысымен бейнет пен еңбекке толы болып сырғи берді. 1984-1989 жылдары Дина Нұрпеисова атындағы балалар музыка мектебінде директор қызметін атқарды. Облыс пен қаланың мәдени-музыкалық өміріне белсене араласқан Баян Көшербайқызы мектепте құрылған скрипкашылар ансамблінің сүйемелдеуімен Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар әнін», Шәмші Қалдаяқовтың «Шынарым» әндерін құйқылжыта орындады.
Өнер иесі жеңіл әндерден гөрі мән-мазмұны терең, көңілге түрлі ой салардай күрделі классиканы орындауды сүйді. Алтынбек Қоразбаев ұйымдастырған «Тараз» фольклорлық ансамблінде қазақтың халық әндері «Ей, қалқа», «Дайдидау» әндерін шалқыта шырқаса, «Алатау» халықтық жастар ансамблінде «Қазақ вальсі», «Алқызылтас», «Қуанамын» сынды әндерін орындады. Сондай-ақ, орыс халық аспаптар оркестрімен Норвегия халқының ұлы композиторы Э.Григтің классикалық әні – «Сольвейг», румын халық әні «О, Мураше», орыс халық әні «Волга-реченка» әндерін орындап, облыс беделін қорғап жүрді.
Баян Көшербайқызы ел арасында тамаша орындаушы болумен қатар, «Алатау» халықтық жастар ансамблінің концерттік бағдарламасымен бірнеше рет шетелде болып, әнімен көпті тамсандырды.
Жан-жақты талант иесі хорға жетекшілік еткенін әңгіме барысында айтқан болатынбыз. Абай атындағы педучилище мен Жамбыл мәдени ағарту училищесінен құрылған 150 қатысушыдан тұратын «Студенттер» хорына көркемдік жетекшілік жасап, «Қазақстаным», «Партия туралы жыр» туындыларын орындады. Күрделі шығармаларымен ерекшеленген Баян Көшербайқызының хоры аса жауапты жиындарда, концерттік сахналарда өнер көрсетті.
Өмірін өнерге, шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұстаз қазақтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың музыкалық шығармашылық еңбектеріне араласып, сазгермен бірге бірнеше кездесулерде бірге жүріп, әндерін орындау бақыты да бұйырған. Құрбысы Күлімхан Кітапова екеуі қос дауыста Шәмшінің әндерін орындап, кезегі келгенде Шәмшінің күйсандықта сүйемелдеуімен сиясы кеппеген жаңа туындыларының орындаушылары болып, халық ықыласына кенелді. Шәмшімен айлап еңбектеніп, «Фосфорлы Жамбыл», «Жаңарған қалам» әндері радио арқылы халыққа жол тартты. Теледидар болмаған тұста, болған күнде де екінің бірінің үйінде бола бермейтін кезде халық жаңалықпен де, жаңа туындымен де ең алдымен радио арқылы танысатын.
Халық әндері мен әлемдік классикалық туындылардың үздік орындаушысы 1989 жылдан бастап еңбек жолын Жамбыл педагогикалық институтында жалғастырды. «Музыка және оқыту әдістемесі», «Мектептің музыка мұғалімі» кафедраларында меңгеруші болды. 2011-2018 жылдары кафедраның академиялық доценті атанды. Білімгерлерге музыкалы педагогикалық білім берумен қатар, хор мен жастарды әншілік өнерге баулып келеді. 2018 жылдан бері Баян Көшербайқызы «Мәдениет және өнер» кафедрасының аға оқытушысы.
Ұстаздың тәрбиелеген шәкірттері бүгінгі күні халық сүйіп тыңдайтын өнер иелері. Бейбіт Сейдуалиева, Дана Маханбаева, Әсел Кисумбаева, Азамат Әлмереков, Мейіржан Самылтыров, Құралай Раимова сынды қазақ сахнасын әнімен тербеп жүрген әншілер Баян әпкеміздің тәлімін алған шәкірттері.
Өнегелі өмірімен шәкірттеріне үлгі болып жүрген ұстаз бір ұл, бір қыз тәрбиелеген ардақты ана, төрт немеренің асыл әжесі. «Өнер деп, өмір деп қарап отырсам талай қырдан асыппыз. Сөйтіп жүріп жетпіске жеткенімді аңғармай да қалыппын. Небір ғажан күндер, тамаша сәттер естелік болып қалды. Бүгін тәрбиелеген шәкірттеріммен, олардың жеткен жетістігімен мақтанамын»,- деген Баян әпкеміз естелік фотоларын көрсетіп, әр фотоның өз тарихы барын айтып, бізбен бөлісті.
«Жақсымен өткізген жарты сағат, жаманның өтіп кеткен өміріндей» демекші, Баян әпкемізбен жарты сағат әңгімелесіп бейнетке толы еңбегінің, ізденіс пен талпынысқа толы ғұмырының куәсі болдық. Ұлағатты ұстаз әлі де қазақ сахнасын әнімен тербейтін талай өнерпазды тәрбиелейтініне сенімдіміз.
Медиа-қызмет