ЭРАЗМУС+ ЖОБА КОМАНДАСЫ БАС ҚОСТЫ

Бүгін Дулати университеті қабырғасында «Welcome to Erasmus+ family» тақырыбында Эразмус+ жобасының консультациялық сессиясы өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – бағдарламаны жүзеге асыру  тиімділігін арттыру, команда мүшелеріне жаңа жобаны таныстырып, керекті кеңес беру.

Сессияға университет ректорының м.а. Ержан Әмірбекұлы, Эрасмуз+ бағдарламасының Ұлттық офисінің директоры Шайзада Тасбулатова және университетіміздің жоба мүшелері қатысты.

Шайзада Өмірзаққызы Эразмус+бағдарламасымен таныстырып, мақсат-міндеттеріне тоқталды. "Жоғары білім берудегі әлеуетті арттыру" жобаларын іске асыруға ұсынымдар айтып, аталмыш жоба ЖОО студенттері мен оқытушылары үшін де үлкен мүмкіндік екенін түсіндірді.

Эразмус+ білім беру, кәсіптік оқыту, жастар саясаты және спорт жүйесін жаңғырту мен дамытуға бағытталған Еуропалық Одақтың бағдарламасы. Ол еуропалық елдер мен бүкіл әлем бойынша серіктес елдер арасындағы осы салалардағы ынтымақтастық үшін қаржылық мүмкіндіктерді ұсынады. Ынтымақтастық пен ұтқырлықтың жаңа жобалары жыл сайын Эразмус+ өтінімдері конкурсы шеңберінде іріктеледі.

Консультациялық сессияның келесі бөлімінде REILEAP жобасы туралы айтылды. Жоба былғары өндіру және одан жасалған бұйымдарды жобалау бойынша жабдықталған және функционалдық орталықтарды Өзбекстанда және Қазақстанда құруға бағытталған. Біліктілігін арттырған персоналы бар орталықтар былғары және былғары өнімдерін өндіруші компаниялар үшін жаңа қызметтер ұсынады. Ұсынылатын қызметтер былғары бұйымдардың сапасын бағалауды, семинарлар, ақпараттық іс-шаралар өткізуді қамтиды.

Іс-шара Эразмус Мундус (Erasmus Mundus Design Measures) бірлескен магистрлік бағдарламаларды әзірлеу жөніндегі шаралар туралы ақпараттық сессиямен жалғасты.

Медиа-қызмет

Прочитано 1196 раз
Top